Индербордың «Болашақ» мөлтек ауданында тиісті жобасына сай әзірге асфальт жол түсе қойған жоқ. Былтыр оның тек «Астана» көшесіне Индер-Қарабау автокөлік жолынан 80 метр асфальт жол ғана салынған еді.
Әттеген-айы, сол шағын жолдың өзінде суағары
болмай қыс пен көктем бойы бәрін әбігерге салды.Қабақтан аққан топан су көлденеңнен салынған асфальттан төменге кете алмай жинала берді. Оның зардабынан маңындағы үйлерге айдың күні аманында су басу қаупін туғызды. Ал күні кеше «АИС» ЖШС осы шағын асфальтті ортасынан кесіп, астынан құбыр жүргізді. Енді жолдың бетін жамайтын болады.
Өкінішке орай, осыған дейінгі кент және ауылдарда салынған жолдарда да суағарлар қаралмаған.
Мысалы, жақында Елтай ауылында өткен жиында бірқатар тұрғындар суағарлардың болмауынан зардап шегіп отырғандарын көтерді.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шапағат Ғаббасов бұған дейінгі жобаларда суағарлар қаралмай келгенін, ендігі жерде оған баса мән беріліп отырылғанын атап өтті.
-Бүгінде Өрлік ауылында жаңадан салынып жатқан асфальт жолдарға тиісінше суағарлар салынып жатыр. Ал ауылдардағы бұдан бұрынғы салынбай кеткен суағарлар үшін асфальтті бүлдірмей горизанталды бұрғылайтын аппарат алу жоспарлануда,- дейді салалық бөлім басшысы.