Өрт сөндірушілерге арналған мерекелік шара өтті

Қай кәсіптің де қиындығы мен қызығы бар. Ал күнделікті өмірде өліммен бетпе-бет келетін құтқарушылардың қызметі өте ерекше, қауіпті, әрі күрделі. Олар зардап шеккен басқаларды құтқару үшін өз өмірлерін де бәйгеге тігуге тура келетін сәттері аз болмайды.

Осы салада ұзақ жылдар қажырлы қызмет атқарған майталман азаматтар арамызда баршылық. Оларды төл мерекелері қарсаңында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Абдуллин қабылдап, алғыс хат пен сыйлықтар табыс етті. Өрт сөндіру бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Әділхан Кеңесов те құттықтау тілегін жеткізді.

rtt

Кездесуде ардагерлер қызмет барысындағы бастан кешкен оқиғаларды баяндап өтті. Мысалы, кезінде бөлім бастығы болған ардагер Жұмабек Құбайдуллин 2000 жылдардың бастапқы жылдары дала өртін арпалысып жүріп өшіргенімен, ауылға қайтатын техниканың мүмкіндігі болмапты. Сөйтіп 3 тәулік бойы өздері іздеусіз ас-сусыз далада қалыпты.

Ал құтқарушы ардагер Ерлан Габдуалиев кентте 5 қатарлы үйдің жоғары қабатынан өрт шыққанда түтіннің кесірінен подъезден пәтерге кіре алмай, жоғарыдағы қабатқа баспалдақ жетпей қиналыпты. Ақыры өз өмірлерін қатерге тігіп балконнан балконға өрмелеп өрттің ортасында қалған пәтер иесін құтқарып алыпты. Ал байланысшылар Гүлнәр Досқалиева мен Айгенже Қабиева өрт оқиғаларының қатар келіп қалғанда өрт сөндірушілер бірінен келіп, екіншісіне кетіп, тынығуларына да мүмкіншілік болмай қалатын қысылтаяң шақтарынан әңгімеледі.

-Ал қазір салалық бөлімде құтқарушылар арнаулы заманауи техникалармен, тиісті құрал-жабдықтармен жақсы қамтылуда. Бұл құтқарушылардың оқиға орнына жедел жетіп қана қоймай, адамдарды тез арада құтқарып алатын мүмкіндіктерді молайтты. Қазір сапта жүрген құтқарушыларға қызметін мінсіз атқарып, халықтың алғысына бөлене бергенін тілейміз, - деді сөз алған ардагерлер.

Осылайша карантиндік шектеулерге байланысты шағын топпен ғана ұйымдастырылған шарада ардагерлерге құрмет көрсетілді.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521