Мен ұстаз ретінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын ерекше ықыласпен тыңдадым. Әр Жолдау – болашаққа бағдар беретін үлкен саяси құжат болса, биылғысы жолдауда тікелей біздің білім беру саламызға, мұғалім мәртебесіне және жас ұрпақ тәрбиесіне бағытталған тармақтардың болуы мені ерекше қуантты.
Мұғалім – елдің тірегі
Президентіміздің ұстаз мәртебесін көтеру туралы айтқан бастамалары – әрқайсымыздың жүрегімізге жеткен сөздер. Жолдауда «Мұғалімдер тек өздерінің басты міндетімен айналысуы керек. Оларды артық шаруаларға жегу – әділетсіз» деп нақты атап өтті. Бұл – біз үшін үлкен қолдау, әрі әділ шешім. Шынында да, мұғалім – тек сабақ беруші емес, ол – жас ұрпақтың бойына ізгілік пен білімнің дәнін себуші. Сондықтан мұғалім өз уақытын қағазбастылыққа емес, балалардың жан-жақты дамуына арнауы тиіс.
Әлеуметтік қолдау – сенім кепілі
Президентіміздің тағы бір қуанышты жаңалығы – ұстаздардың жалақысының соңғы жылдары екі есеге өскені әне қосымша үстемақылар енгізілгені. Бұл – мемлекетіміздің ұстазға деген құрметін көрсетеді. Әрбір тиын – біздің еңбегіміздің бағаланғаны, болашағымызға салынған инвестиция. Бұл бізді шабыттандырып, кәсібімізге деген сүйіспеншілігімізді арттырады.
Цифрлық дәуір және жасанды интеллект
Жолдауда ерекше айтылған бағыт – цифрландыру мен жасанды интеллект. XXI ғасыр – білім саласында үлкен өзгерістер кезеңі. Президентіміздің бастамасымен AI-Sana бағдарламасы қолға алынып, жүз мыңдаған жас жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік алады. Бұл – ертеңгі күні бәсекеге қабілетті ұлт болудың басты шарты.
Ал біз, ұстаздар, осы өзгерістердің алдыңғы шебінде болуымыз керек. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі инженер, дәрігер, ғалым немесе мемлекет қайраткері. Сондықтан біз балаларды тек пәнге ғана емес, жаңа технологияларды дұрыс қолдануға да үйретуге міндеттіміз.
Патриотизм мен тәрбиенің маңызы
Білім берумен қатар, жас ұрпаққа елін, жерін сүйетін адал азамат болуды үйрету – басты парызымыз. Президентіміз Жолдауда «Адал Азамат» бағдарламасын ұсынып, патриотизмді нығайтуға ерекше көңіл бөлді. Бұл бағдарлама – еліміздің рухани тұтастығын сақтап, ұрпақты әділеттілікке, ізгілікке тәрбиелеудің кепілі.
Менің ойымша, жас буынды тек білімді ғана емес, әділетті, мәдениетті, өз елінің болашағына жауапты етіп тәрбиелеу – біздің ұрпақ алдындағы борышымыз. Бұл борышты орындау үшін өзіміз де аталған Адал азамат крийтерилеріне сай болуымыз тиіс. Адал ұстаз ғана адал оқушыны тәрбиелей алады. Академиялық адалдық жолы жасай берсін.
Мұғалімнің кәсіби дамуы
Президентіміз мұғалімдердің кәсіби өсуіне де ерекше тоқталды. Қайта даярлау мерзімі бес жылдан үш жылға қысқартылатыны – әр ұстазға заман талабына сай білімін үнемі жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл бізге жаңа әдістемелерді меңгеріп, оқушыларға тиімді білім беру жолдарын табуға жол ашады.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – бізге артылған сенімнің, бізге көрсетілген құрметтің айқын дәлелі. Қазірдің өзімде ұстаздық жолымның бесінші жылына қадам басып, ел қоржынына Республикалық бірнеше сайыстардың жүлдесін әкеліп, ауыл балаларының ел көлемінде еңбектері көрінуіне жұмыстанып жатырмын. Ұстаз ретінде мен осы сенімді ақтау үшін бар күш-жігерімді сапалы білім беруге, оқушының санасына адамзаттық құндылықтардың дәнін себуге, адал қызмет етуге арнаймын.
Ұлы Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөзі – мен үшін өмірлік ұстаным. Президентіміздің Жолдауынан кейін осы сөздің мәні одан сайын терең сезіледі. Енді біз балаларға терең білім беріп, нағыз отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеуге міндеттіміз. Ендеше, білімді де парасатты ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етемін.
Көргенов Қуандық
Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі