Әр бағдардан – бір үміт

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылдағы қос бағдарлы Жолдауынан нені ұғуға болады. Жыл сайын жаңа бір өзгеріс күтіп отыратын жылдың басты құжаты туралы қарапайым халық не деп жатыр? Елді елең еткізгені - Президент сайлауы.
Алдымен айта кетейік жыл басындағы Жолдау елімізге қатты әсер етті. Өйткені, қаңтар оқиғасы жұртты сең соққан балықтай сенделтіп, енді қайттық дегізді. Абдыраған айналайын халық сәт сайын көгілдір экранға телміріп, бар үмітті мемлекет басшысынан күтті. Іріген ауыздан шіріген сөздер де шығып жатты. «Баласы бәйгеге шапса, ауылдағы анасы тақымын қысады» деген сол бір қасіретті қаңтар кезінде Президентке жаны ашыған халық осындай күйде болатын.  Алайда, «Егер ел басшысы тоңмойын һәм сатқын болмаса – елдің бағы» деп Білге қаған айтқандай Қасым-Жомарт Кемелұлы дер кезінде кемеңгерлік танытты. Жедел шешімдер қабылданып жатты. Іле-шала халыққа жаңа Жолдауын жолдады. Ақ Ордадан ақжолтай хабар күтіп отырған ел бірден елең ете қалды. Сол бағдарымызды айқындайтын құжат халық жадында ертеңіміз үшін ауадай қажет саяси шешімдер мен жаңа мемлекеттік құрылымның жүйесін белгілеуімен есте қалды.
 Ал мына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауда елдің экономикалық-әлеуметтік мәселелері қамтылып, әлеуметтің көңілін көтеріп тастады.  Біздің байқағанымыз  Парламенттен шыққан Жолдау әп сәтте далаға жортып, қырдағы ел қуанды. Әлеуметтік желілер арқылы зейнет жасы, балаға ақы төлеу, шетелдік көліктерді тіркеумен қатар кезектен тыс Президент сайлауы және 7 жылға бір рет сайланатыны жөніндегі жағымды жаңалықтарды біріне бірі таратып әкетті. Мысалы, «Туыстар», «Достар», «Рухтастар» сынды басқа да чаттарда таралып қана қоймай ол туралы ой бөлісуде. Бұдан шығатын қорытынды - халық саяси сауаттанып келе жатыр. Қара бастың қамы ғана емес, ел жайына алаңдайтынының көрінісі.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев: - Жолдау «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту», «Заң және тәртіп» сынды бағдарлардан және тағы бір саяси реформаларды қамтитын қорытынды бөлімнен тұрады. Мұнда көпшіліктің көкейінде  көптен бері жүрген біраз мәселелер қамтылған. Мысалға ІІІ бағдарды алайық. Адам - мемлекеттің басты байлығы. Реформаның басты бағыты да осы.  Алдағы уақытта мемлекет тарапынан ұлт денсаулығына байланысты біраз реформалар жүргізілетінін, қордаланған мәселелердің шешілетінін біліп отырмыз,-дейді.
Халықтың көкейінде жүрген тағы бір өткір мәселе - денсаулық саласы. Қанша жағдай жасалса да маманның тұрақтамауы, жұртшылықтың көңілі толмауы, дәрігерлердің сауаттылығы мұның бәрі бұл саланың ілгерілеуіне кері әсер беретіні сөзсіз. Бұл орайда аудандық орталық аурухананың бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты Анар Доспаева жаңа құжатта денсаулық сақтау саласы қаржыландырылатыны, жаңадан медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімдер ашылатыны, дәрігерлер дайындау мәселесі жетілдірілетіні айтылғанын, алға қарай медицина саласы да қарқынды дамитынына сенетінін жеткізді.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген, білім беру жүйесіне де маңыз беріліп отыр. Жалпы бұл тақырып күн тәртібінен түспейтіні, тіпті, жыл сайын жаңара беретіні сөзсіз. Өйткені, заман талабы солай. Соның ішінде балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу, заманауи мектептер салу, сөйте-сөйте апатты жағдайдағы және 3 ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешу, оқушылардың білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау міндеті қойылып отыр. Шынында да бүлдіршіннің өмірге бейімделуі, азамат болып қалыптасу кезеңі балабақшадан басталатыны, ол үшін тәрбиешілер елеулі үлес қосатыны белгілі. Ал олардың еңбекақысы да мардымсыз. Сондықтан бұл салаға көңіл бөлінуі көптеген жанға қуаныш ұялатты.    
Халықтың әл-ауқатын арттырудың басты жоспарларының бірі-еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру. Бұл орайда ауданның Құрметті азаматы Тасқали Темірболатов: - Президент Жолдауы ауылдың айтар әңгімесіне айналды. Өйткені, онда ағайынның да жағдайы баяндалып отыр. Президент сайлауы өтетіні, оның бір рет жеті жылға сайланатыны дұрыс шешім деп ойлаймын. Жалпы «жеті» саны қасиетті. Оны текке балауға болмайды. Сондай-ақ, ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеруге шешім қабылданды. Яғни 1 млн. 800 мың азаматтың табысы артады деген сөз. Зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту қарастырылатыны дұрыс шешім деп есептеймін. Себебі кешегі бір өтпелі  кезеңде көп адамға обал болды. Көпшіліктің талап-тілегі ескеріліп,  әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалатын болды. Бұл да еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарып келе жатқанының белгісі. Сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгерістер енеді. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі үшін төлемақы мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады. Ата-аналар балаларының сәби кезінде олардың жанында көбірек болғаны абзал деген шешімге келген,- дейді ризашылықпен.
Жұрт айтатын тағы бір әңгіме - қазанның қақпағына мұқият болу, жер байлығы игілігін халық көру. Бұл әрине, жанашырлықтан да туған сөз. Осыған жауап ретінде әрбір отбасы еліміз пайдаланып  жатқан ұлттық байлықтың игілігін көру керектігі айылды. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табыстың 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшоттарына аудару ұсынылып отыр.  Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Халық мұны жақсы қабылдады. Амандық болса  2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады.
Қорыта айтқанда Мемлекет басшысының  «Жаңа Қазақстанға»  бағытталған Жолдауында қойылған бастамаларды халық қолдайды деп түйін жасауға болады. Енді онда қойылған міндеттерді атқарушы билік бұлжытпай жүзеге асыру қажет. Әрбір қазақстандықтың да өз Отанына деген сүйіспеншілігі артып, жұмыла көтерсе жүк жеңіл болмақ.


Ж.Амантурлин        

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT