Прокуратура Конституциялық заңмен қызмет атқарады

Сурет gov.kz сайтынан



«Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құрудағы маңызды қадамдардың бірі, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпалын тигізетіні және азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түсетіні анық» Президент Қ.К. Тоқаев.

Ағымдағы жылдың 5-ші қарашасында Президент Прокуратура туралы Конституциялық заңға жариялы түрде қол қойды.
Осы Заң Қазақстан Республикасының Конституциясының 83-бабына сәйкес әзірленді және бұрын заңмен реттелген Республика прокуратурасының құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі, енді конституциялық заңда белгіленді.
Бұл конституциялық өзгерістер мен толықтырулар осы жылдың 5-ші маусымында өткізілген республикалық референдумда қабылданды.
Еске сала кеткен жөн Президентіміз биылғы 16-шы наурыздағы халыққа жолдауында Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажеттігін, бұл құжаттар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажеттігін атап өтті.
Конституцияның 83-бабында прокуратураның негізгі функциялары бекітілген. Прокуратура мемлекет атынан жоғары қадағалау мен мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады және сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді.
Жоғары қадағалау мен сотта мемлекет мүдделерін білдіру нақты заңда белгіленген шектерде және нысандарда жүзеге асырылады.
Заң 3 тараудан және 48 баптан тұрады.
Бірінші тарауда прокуратура қызметінің мақсаттары мен принциптері, құқықтық негіздері және басқа да мәселелер берілген.
Екінші тарауда прокуратураның жүйесі нақтыланып, олардың әрқайсысының құзыреті бекітілді.
Прокуратура буындарын Бас прокуратура, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті, Құқық қорғау органдарының академиясы, әскери, көлік, облыстық, аудандық прокуратуралар құрайды, заңда олардың құзыреттері, функциялары бекітілген.
Прокуратура органдары қадағалауды жүзеге асыру кезінде өзге мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды.
Прокурорлардың өкілеттіктері жеке бапта көрсетілді, негізінен прокуратураның конституциялық функцияларын жүзеге асыруға бағытталған өкілеттіктері айқындалды.
Ол бапта аудандық сатыдан бастап Бас прокуратураға дейін қандай құқықтары және қандай міндеттері бар екені анық көрсетілді.
Прокуратура адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында:
Бірінші: адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауды және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді;
Екінші: заңдылықтың бұзылуын, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарларын анықтауды және жоюды;
Үшінші: құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіруді;
Төртінші: Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалатын өзге де міндеттерді жүзеге асырады.
Үшінші тарау жоғары қадағалаудың шектері мен нысандарына арналған.
Жоғары қадағалаудың үш нысаны бекітілді. Олар – тексеру жүргізу, заңдылықтың жай-күйіне талдау жасау, күшіне енген актілерді бағалау.
Тексеруді Президенттің, Бас Прокурордың тапсырмасы және облыстар мен аудан прокурорларының шешімі бойынша жүргізетін боламыз.
Облыс және аудан прокурорлары төрт негіз бойынша ғана тексеру тағайындай алады.
Атап айтсақ, өздерін қорғай алмайтын адамдар құқықтарын, саны шектелмеген адамдар құқықтарын қорғау үшін, адам өмірі мен денсаулығына, ел қауіпсіздігіне зардаптың алдын алуы қажет болса, мемлекеттік органдар тарапынан жеке кәсіпкер жұмысына араласу фактісі бойынша.
Жеке бапта тексерілетін субъектілердің құқықтары мен міндеттері де нақтылап бекітілді.
Енді заңдылықтың жай-күйін талдауға келсек, қадағалаудың бұл формасы объектіге бармай, яғни қашықтықтан жүзеге асырылады.
Талдау – маңызды құрал. Өйткені кәсіпорындардың жұмысына кедергі болмайды, олардың жұмысын тоқтатпайды.
Талдау статистикалық мәліметтер, ақпарат көздері, сот материалдары және басқа ақпараттар негізінде жасалады. Нәтижесі бойынша қадағалау шараларын қолданамыз.
Күшіне енген актілерді бағалауды жүзеге асыру нақты жазылған.
Сондай-ақ, заңда тексеру жүргізу, заңдылықтың жай-күйін талдау, күшіне енген актілерді бағалау және өтінішті қарау тәсілдері бекітілді.
Заңда қандай мәселелер бойынша прокуратура өтініштерді қарайтыны да нақтыланды. Олардың жалпы саны жетеу.
Өтініштерді қараған кезде немесе тексеру жүргізген кезде прокурор үш жұмыс күніне дейін лауазымды адамдардың актілері мен әрекеттерін тоқтата тұруға құқылы.
Онда да тек егер адам өмірі мен денсаулығына, мемлекет мүддесіне зиян келуі мүмкін болған жағдайда ғана.
Өтініштер бойынша прокурор өзі тексеру жүргізе алады немесе тексеруді өкілетті органға тапсырады.
Прокуратура актілері туралы тарауда олардың жүйесі, нысандары, әрқайсысының сипаттамасы, қабылдау негіздері мен реттеу нысандары берілді. Сонымен қатар оларды орындау тәртібі, заңды күштері, олардың адресаттары үшін орындау міндетті екені және орындамағаны үшін салдары бекітілді.
Қылмыстық қудалауға және сотта мемлекет мүддесін білдіруге келсек, бұл мәселе қылмыстық, қылмыстық-процестік, азаматтық-процестік заңнамаға сілтеме жасай отырып бекітілген.


Индер ауданының прокуроры А. Сахиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521