«Ымырттағы ықшамды ой» оқырманға жол тартты

Жәниба Қарасаева – Қазақстанның Құрметті жазушысы, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, «Халық таланттары» республикалық телевизиялық фестивалінің лауреаты. Табиғи дарынымен халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, суырыпсалма өнердің шебері ретінде ел мұңын жырлап, айтыстың беделін көтерген ақын.

Оның қаламынан «Сүтақы», «Жүректің пернелері», «Ана сағынышы», «Махаббат киесі», «Өмір тіні», «Ананың алақаны», «Махаббат мазары», «Талбесікке тағзым», «Ымырттағы ой», «Ақшамдағы әфсана», «Сыңар аққу» секілді бірқатар әдеби кітаптар туған. Бұл еңбектердің әрқайсысында ақынның өмірге, махаббат пен аналық мейірімге, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі көрініс табады.

Республика күні қарсаңында Жәниба Қарасаеваның жаңа «Ымырттағы ықшамды ой» атты кітабы жарық көрді. Атырау облысы әкімінің қолдауымен шыққан бұл жинақ Алматы қаласындағы «Жамбыл» баспасынан басылып шығып, кітапхана сөрелерінен орын алды. Кітапқа ақынның әр жылдары жазылған өлеңдері мен арнаулары енгізілген. Жинақтағы туындылардан туған жерге деген сағыныш, елге деген сүйіспеншілік, адамдық пен ізгілікке үндейтін азаматтық үн айқын сезіледі. Ақын жырларының басты ерекшелігі – олардың шынайылығы мен жүректен шыққан терең толғанысында.

Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі Әлия Дәулетбаева ақынның жаңа кітабы туралы сүйінші хабар жариялап, жуырда туындының әдеби таныстырылымы өтетінін мәлімдеді. Бұл – атыраулық оқырмандар мен әдеби қауым көптен күткен қуанышты жаңалық.

Ақынға мықты денсаулық пен шығармашылық толағай табыстар тілейміз!

Еркеназ ҚАЛИЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Республика күні

AQPARATPRINT