ЕЛІМІЗДЕ 12 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҰЛТЫН АУЫСТЫРҒАН. САРАПТАМА НӘТИЖЕСІНДЕ ЕЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ АРАСЫНДА ҰЛТЫН ОРЫСТАН НЕМІСКЕ АУЫСТЫРҒАНДАР КӨП ЕКЕН. СОНДАЙ-АҚ ӨЗБЕКТЕН ҚАЗАҚҚА, ОРЫСТАН УКРАИНГЕ, КЕРІСІНШЕ УКРАИННЕН ОРЫСҚА, ОРЫСТАН ҚАЗАҚҚА АУЫСҚАНДАР ДА БАР.
ҚР Ішкі істер министрлігінің жауабында ұлтын өзгерту бойынша ең көп өтініш 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың тамызында болғаны хабарланды. Индер ауданында да мұндай жағдай тіркеліпті. Аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобының аға инспекторы, полиция майоры Бибігүл Қанатбаевадан білгеніміздей, былтыр аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына 2 адам жүгінген. Олар ұлтын орыстан неміске өзгертіпті. Екеуінің де тегі неміс екені айқындап тұр. Бірақ түрлі жағдаймен орысқа өзгеріп кеткен.
Биылға мұндай жағдай тіркелмеген. Одақ кезінде ұлты орыс болып жазылып кеткен түрлі ұлт өкілдері аз емес. Мысалы, ауданда поляк ұлты ресми түрде тіркелмеген. Бірақ «ұлтым - поляк, алайда қуғын-сүргін кезінде аталарым орыс болып жазылып кеткен» деген ауданның азаматтарын кездестірдім. Сол секілді ұлты армян болса да құжатында орыс болып жүргендер бар. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады.
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабының 1-тармағына сәйкес әркім өзінің ұлттық, партиялық және діни ұстанымын айқындауға және көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы. Бұл норма құқықты, яғни адамның өзінің ұлттық ерекшелігін анықтауға және көрсетуге байланысты субъективті мүмкіндіктерін бекітеді, – деп атап өтті ҚР ІІМ.
Саламат САНСЫЗБАЙҰЛЫ
Индер ауданы