МАТВЕЕВТАРДЫҢ ҚОЛЫНАН БӘРІ КЕЛЕДІ

ТАТУЛЫҒЫ МЕН БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН АУДАНЫМЫЗ – БІРНЕШЕ ҰЛТ ӨКІЛІНІҢ ТҰРАҚТЫ МЕКЕНІ. ҚУАНАРЛЫҒЫ, ОЛАРДЫҢ КӨПШІЛІГІ ҚАЗАҚШАҒА СУДАЙ. «ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ» ЕКЕНІН БІЛЕТІН ОСЫНДАЙ ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДІҢ БІРІ – ЮЛЯ ВАСИЛИЙҚЫЗЫ. ЕСБОЛ АУЫЛЫНДА ӨСКЕН ОЛ ҚАЗАҚШАНЫ ЖАСЫНАН ЖАҚСЫ МЕҢГЕРІПТІ. ЖОЛДАСЫ АЛЕКСАНДР МАТВЕЕВ ЕКЕУІ «ВЕСНА» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫН ҚҰРҒАН ДИҚАНШЫ ОТБАСЫ.

«Алғабас-Жорық» каналы бойында бақша салып отырған диқаншы отбасына жолымыз түсіп, жүзбе-жүз кездесіп қайттық. Ауыл шаруашылығының күретамыры егінге канал бойынан жерді 2017 жылы алған. Содан бірте-бірте шаруашылығын өрістетіп, қазір 6 гектар жерге бақша өнімдерін егуде. «Көктемнің бір күні – жылға азық» дегендей, диқаншы отбасына күні бойы тыным жоқ екен.

- Бау-бақша өсіру – біздің сүйікті ісіміз. Кезінде әжемнің қасында көмектесіп жүріп, бақша өсірудің қыр-сырына қанығып өстік. Сондықтан да жұбайымның жер алып, бақша егейік деген бастамасын бірден қуана қолдадым. Осылайша диқаншылық кәсіпті отбасылық бизнеске айналдырып, нәпақасын жер-анадан тауып жүрміз, - дейді Юлия Василийқызы сөзге тартқанымызда.

Шаруашылық басшысы Мат- веев Александр Анатолийұлы Индербор кентінде туып-өскен. М.Әуезов атындағы орта мектепті тәмамдаған. Биыл екеуі үшін де мерейлі жыл екен. Жолдасы қаңтар айында, жұбайы наурыз айында 50 жасқа толыпты. Аумағы атшаптырым жер- де қарапайым материалдардан бірнеше шағын жылыжайлар салып қойыпты. Оның полиэтилен плен- калары жылыжайға арналған, 4-5 жылға дейін қолдануға мүмкіндік беретін сапалы материалдан жасалған. Мұнда негізінен қызанақ пен қияр өсірілуде.

– Қиярды мамыр айының 15-20 жұлдызына дейін, ал қызанақты маусым айының аяғына таман саудаға шығаруды жоспарлап отырмыз. Біздің климатымызда ашық жерден гөрі жылыжайға бақша еккеннің артықшылығы көп. Бастысы, өнімдерімізді ертерек шығаруға мүмкіндік береді. Әрі желден қорған, ызғардан пана. Ал дәмінде ешқандай өзгешелік жоқ, тәтті әрі құнарлы. Әрине сапалы өнім алу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Бірақ еңбегіміздің жемісін көріп келеміз. Ешқандай химиялық қоспасыз, таза табиғи тауар болғандықтан, сұраныс та жоғары. Қазірдің өзінде бізді танитын жерлестеріміз қызанақ пен қиярдың қашан саттыққа шығарылатынын сұрауда, – дейді Александр Анатолийұлы мен Юля Василийқызы.

Диқаншы отбасы биылғы егінге дайындықты жылдың басынан-ақ бастап кетіпті. Қыстың ортасы қаңтар айының өзінде қызанақтың дәнін егіп бастаған. Көшеттерін жылыжайға наурыз айының басын- да әкеліп орналастырған. Қазіргі сәуір айының басынан бері келесі жылыжайға қайта ауыстыруда екен. Осылайша жылыжайды ерте көктемнен, әбден қысқа таяғанша қадеге жаратады. Рас, қыс айларында ғана пайдалана алмайды. Қыстағы басты мәселе – жылумен қамтуы әрі коммуналдық қызметі сынды шығыны көп болғандықтан, тиімсіз көріпті. Қысқа таяу бәрін жинастырып, келесі жылға дайын- дап кетсе, ал зиянкестерге қарсы күресті ерте көктемнен жүргізеді екен. Сондай-ақ бақшада жағалай жеміс ағаштары жайқалып өсіп келеді. Біз жолымыз түскенде жеміс ағаштары бүршік атып, керемет гүлдеп тұр.

– Жыл сайын жаңадан 20-30 жеміс ағаштарын отырғызып келеміз. Алма, алмұрт, өрік, шие, қарақат сынды түрлі жеміс ағаштарының бәрі бар. Бұл жер- ге алғаш жеміс ағаштарын еге бастағанда біреулер жер тұзды, жеміс ағаштарын шығару өте қиынға соғады деген пікірлер айтты. Ал, міне, қараңыз, ағаштың бәрі өсіп тұр. Біз жер алғанда бұл маңның бәрі ашық дала еді. Наурыз айының соңғы күндерінен каналға су беріле ба- стады. Суымыз жалпы жаз бойы тұрақты, жеріміз бар, енді қалғаны күтіп-баптау ғана, – дейді олар.

Алғашында алманың ерте шығатын түрін егіп көргенімен жерсіне қоймапты. Ал күздік алмалар жақсы шыға бастаған. Әттеген-айы, былтыр картоп еккенімен, көңілдерінен шықпағандықтан, биыл оған белсене қоймапты. Ал қарбыз бен қауын шілде, тамыз айларында піседі. Сондай-ақ сәбіз, аскөк, шалғын секілді басқа да түрлі көкөністер жетерлік. Әсем гүлдерді де өсіріп, саудаға шығарады. Жалпы дайын өнімдерінің бәрін қадеге жаратып отыр. Банкі жабу, тосап қайнату, түрлі салат жасау сынды дастархан мәзірінің бәріне маманданған. Бұл өнімдерін қыстай сауда орындарына шығарыпты. Матвеевтардың отбасында үлкен қызы Валентина тұрмыс құрған. Қазір Орал қаласында есепшілік қызмет атқарады. Кішісі Ксения да Оралда, банкте бөлім басшысы. Ал кенжесі Илья Индер көп бейінді ауылшаруашылық колледжінде тәлім алады. Күнделікті сабағынан кейін отбасылық іске көмекке келеді. Өнімі бітік шығып, адам күші көбірек керек болғанда Есбол ауылындағы бауырларын көмекке шақырады. Қолы босаса Оралдағы қыз-күйеулері де ата-анасының қасынан табылады. Алдағы уақытта бақшаның көлемін әлі де кеңейте түсу жоспарларында бар.

– Индер өлкесі – туған жеріміз. Талай жылдан бері қазақтармен және басқа ұлттармен де тату- тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Ешкім бізге басқа ұлтсың деп шеттеткен емес. Барша жерлестерімізді Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Мемлекетіміз – молшылыққа, әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенеле берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді олар. – Матвеевтар отбасы шаруашылықтағы жұмыстарының бәрін де өздерінің еңбектерімен атқарып келеді. Кейбір шаруа қожалықтарындай оңтүстік өңірдің немесе шетелдік диқаншыларға үміт артпайды. Аудан орталығында ұйымдастырылып жүрген ауылшаруашылық жәрмеңкелерге үнемі белсенділікпен қатысып, өнімдерін халыққа қолжетімді бағада ұсынуда. Жалпы бұл шаруашылықта там- шылатып суару әдісін, минералдық тыңайтқыштар субсидиясын пайдаланып отыр, – деді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Абай Абдиров.

Саламат БАЗАРБАЕВ,

суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT