Көше атауларына көңіл тола ма?

Ақ Жайықтың дарынды ұлы Табылды Досымовты ақындар дүбірінен бір-ақ шығарған осы бір "Обаны адыр, адырларды төбе деп, төбелерді тау деседі біздің ел" деген әрбір перзентінің туған жеріне шексіз сүйіспеншілігін шыңғыра танытқан "Биіктік" өлеңіндегідей жарқын істер былайғы өмірде жиі кездесе бермейтінін сезініп, кейде еріксіз қапаланасың...

 Жақында аудандық қоғамдық кеңестің отырысында Индербор кентінің әкімдігі Атырау облыстық ономастика комиссиясының 2019 жылғы 6 желтоқсандағы қорытындысына сәйкес алынған шешімді таныстырғанын да кейбір атауларға көңілі толмаған қоғамдық кеңес мүшелері әре-сәре күйді бастан кешті.

Алдымен бұл шешім бойынша Мұхит Қалимов, «Қорғантау», М.Мөңкеұлы, Қаныш Сәтпаев атындағы тұйық көшелерге-Сейтқали Меңдешов, Хиуаз Доспанова, Шәкәрім, Нарын, Сарайшық, сондай-ақ «Болашақ» ықшам ауданындағы №5, «Шығыстағы» №6, №7 Халел Досмұхамедұлы, Фариза Оңғарсынова, Рахымжан Қошқарбев есімдері берілгенін құптаса да, бірқатар ұсыныстары дәл сондай көңілге қонбады.

Атап айтқанда тұйық көшелер: «Бейбарыс»–«Шиелі», «Бертілеу Бозекенов»-«Жиделі», «Қайырғали Төленбаев»-«Талды», «Алғабас» -«Береке», «Көктем»-«Достық», «Көктем-2»- «Бірлік» аталғанындағы түпкі мақсатты түсіну қиынырақ болды.

Ономастика ойыншық емес екендігін ескергенде, бұрынғы проездерде (өткелдер) енді -«Шалқыма», «Шапағат», «Арна», «Ойыл», «Тұмарлы» деген атаулар пайда болады. «Шығыс» шағын ауданындағы №10 көше-«Ақкент», «Болашақ» шағын ауданындағы №11- 12-13 және №1 а көшелері «Ақдала», «Баянды», «Ақтүбек», «Арай» деп аталған. Ал осы атаулардың тәрбиелік, болмаса үлгі боларлық тұстары бар ма?! Негізі ономастика мәселесі ЛенинМаркс сынды көсемдерден әлі ажырай алмай отырған сонау солтүстік пен шығыс өңірлеріндегідей өткір тұрмаса да, оған біздің жердегі екінші кезектіге істей бей-жай қарайтын бейғамдықтың салқыны үнемі болмаса да сезіліп қалатыны түсініксіз. Оның үстіне осы бей-жайлықты жақында басты «Қазақстан» телеарнасында ғалымдар мен мамандар, сарапшылар да сынап, ұлттық мүдденің ешқашанда екінші кезекке ығыстырылмауы керектігі талап еткенін естігенбіз.

Ең болмаса, бас қалада НұрСұлтаннан үлгі алып, қазақ батырлары мен аңыз-ертегілері кейіпкерлерін, дарынды ұл-қыздардың, билер мен ақын, жазушылары, өнерпаздары,ғалымдары есімдері табылмай қалғаны ма?! Ал Аққала бетке салынатын жаңа ауданға «Елорда» атауы беріліпті.

Осындайда еске түседі, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кент әкімі болған Мақсым Елеу ағамыз бір демде бірнеше көшенің атауын ауыстырып, біраз жұртты таңқалдырғаны бар-ды. Бүгінгі талаппен қарағанда басшының Бауыржан Момышұлы, Асан қайғы мен Құрақ Бектұрғанов, Тұқпат Ізтаев, Сағидолла Құбашев, тағы да басқа танымал тұлғалардың ол кезде-ақ есімдерін беруі дұрыс екен ғой. Оны көпшілік те жылы қабылдаған.

Ал Шыршалы, Шиелі атаулары түрлі жел сөзге жол ашқан. Енді мына Жиделі, Талды, Тұмарлы деген сынды атаулардың орнына, ең болмаса елім деп еңіреген Исатай-Махамбет соңына еріп, патшаның от шашқан көк теміріне қарсы ұмтылып мерт болып, сүйектері шашылып қалған қайран батырлардың есімі кент басшылығының назарынан тыс қалғаны қалай?! Түн ұйқыларын қашырып, темірқазық жастанған сол батырлар сонда бұл ұрпағынан не көрді?! Жалпы бұл атауларды тұрғындармен терең ақылдаса отырып, ойластырылып алынған деуге сене қою да қиын-ақ. Ел мен жерге, оның атауларын қоюда, біріншіден, өңірдің тарихымен терең сабақтастықты сақтау, ортақ елдік мүддемен үндестік табуы, екіншіден, этикалық тұрғыдағы сақтық, патриоттық, шынайы адамгершілік, шын мәніндегі елдік иелік көзқарас қажет. Атау деген мал-жанға емес, бұл тарихқа қалатын маңызды іс.

Аңдып жүрген көп дұшпан,

Елге жау боп келеді...

Тіл алсаң іздеп қоныс көр,

Желмаяға мініп жер шолсам,...

Тапқан жерге ел көшір,-деп сонау бір сұрапыл жылдары халқына сая іздеген Асан қайғы (бұл бабамыз Дендер жерінде де болған-мыс) Жәнібекке бағыштап айтқаны айна-қатесіз келді емес пе?!

Сол өңірді жайлаған қалың жұрты амалсыз 70 жылдан соң ығысып, жырауларымыз көкіректі кернейтін жоқтауларын арнап, Еділ мен Әзітарханды орыс иеленгіне қалдырсақ, әлі де бірқатар көрікті тұстарымызға көз алартып жүргендігін халқымыз әлі күнге неге ұмытпайды?!

Осыны естен шығаруға болар ма?! Сондықтан да әр патриоттың санасында сақтық сезімінің қалғымауы тиіс, бұл ерекше маңызды. Шақша басты кейде сан-саққа жүгірту әркімге де, соның ішінде ел сенімін арқалаған шенділерге ерекше керек сияқты-ау осы...

С.ХАЛЫҚОВ,

Индер аудандық қоғамдық кеңес мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521