МОПЕДТЕРДІ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ МАҚСАТЫНДА 2024 ЖЫЛЫ "ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ТУРАЛЫ" ЗАҢҒА ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГІЗІЛДІ. ЕНДІ МОПЕД ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ТОЛЫҚҚАНДЫ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ ЖӘНЕ ОЛАРҒА БАРЛЫҚ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ҚОЛДАНЫЛАДЫ. АЛ, АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ 11 ҚАҢТАРЫНАН БАСТАП ПИЛОТТЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА МОПЕДТЕРДІ ТІРКЕУГЕ РҰҚСАТ БЕРЕТІН ЕРЕЖЕЛЕР ӨЗ КҮШІНДЕ.
Индер аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ғалымжан Жұмағалиевтың айтуынша, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі оларды тіркеу үшін қажетті құжаттардың тізбесін әзірледі және мопедтің жақтауында сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда да оңайлатылған тәртіпте жүзеге асырылады. Яғни мопед, скутер, самокатты пайдалану үшін: полицияда тіркелу; А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі; техникалық тек - серу; азаматтық жауапкершілікті сақтандырудан өту қажет болады. Тіркелу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орнына (автоцон) жеке куәлік (электронды түрде болуы мүмкін); мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамаларын ұсынып, өтінішті толтырып, мопедті тексерістен өткізіп, қажетті мемлекеттік баждарды төлеу керек.
– Жалпы ауданымызда мопед, самокат, скутер жүргізушілері тарапынан жол-көлік оқиғасы орын алған жоқ. Десе де, өткен жылы барлығы 38 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтар болсам, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 620 бабы бойынша 15 тұлғаға ескерту берілді, ал 127 бабы 1 бөлігімен 4 скутер қолданушыға 18460 теңге, 3 самокат иесіне 18460- 36920 теңге, 1 электромопед иесіне 18460 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, 593 баптың 2 бөлігімен 1 мопед иесіне 9230 теңге, 2 скутер иесіне 9230-18460 теңге және осы баптың 1 бөлігімен 1 скутер иесіне 9230 теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, 615 баптың 1 бөлігімен 4 мопед иесіне 3692-9230 теңге аралығында, 5 скутер иесіне 3692 теңге айыппұл және 1 самокат иесіне 7384 теңге, 1 электроцикл иесіне 3692 теңге айыппұл төлеуге хаттама толтырылды. Қазіргі таңда аудандағы әріптестерімізбен бірге 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз жүруге тыйым салынатындығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Сондықтан бұзушылықтарды болдырмау үшін мопедті алдын ала тіркеп, жүргізуші куәлігін алуды ұсынамыз, – дейді жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ғалымжан Жұмағалиев.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске мопед жүргізушілерінің көлік құралдарының жүргізушілері ретіндегі жауапкершілігіне қатысты түзетулер күшіне енеді. Яғни тіркелмеген мопедтерді пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз жүруге тыйым салынады.
Жадыра НАРИМАНОВА
Индер ауданы