Бәрімізге белгілі, қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты кейбір мектептер онлайн түрде білім алуда. Жарыс, шара, мерекелік кештер, тіпті турнирлердің өзін қашықтықтан жүргізуге машықтанып қалғандай. Облыс, аудан көлемінде де қашықтықтан түрлі сайыстар өтуде.
Кезекті онлайн сайыста Есбол ауылындағы Қалам Есқалиев атындағы орта мектептің ұстаздары мен оқушылары облыстан, ауданнан жүлделеніп, бақтары жанды.
Республикалық "Үздік авторлық бағдарлама" конкурсының облыстық кезеңінде білім беру мен тәрбиелеудің жаңа педагогикалық мазмұнын, технологияларын және жаңаша ұйымдастыру түрлерін ұсынғаны үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Райхан Кенжегалиева жүлделі І орын алса, химия пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Самал Жеңісқызы ІІ орын алды.
Сондай- ақ, Индер аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен 1-7 сынып оқушылары арасында өткен аудандық "Зерде" ғылыми жобалар байқауына Гаухар Құрбанованың жетекшілігімен қазақ тілі мен әдебиеті секциясы бойынша жүлделі ІІ орын алған 7 сынып оқушысы Айгерім Сарсен, Сайранби Нұрғалиеваның жетекшілігімен жүлделі І орынға ие болған 7 сынып оқушысы Ақжан Қуанышкерейқызы, Мейрамгүл Қамашеваның жетекшелігімен этномәдениеттану секциясы бойынша жүлделі ІІ орын алған 6 сынып оқушысы Мирхан Мажитов, Майра Байқатованың жетекшілігімен техника секциясы бойынша қатынасқан 4 сынып оқушысы Иманәлі Оңғарсынұлы алғыс хатқа ие болды.
Ендеше, ұстаздар мен шәкірттерді мерейлі жеңістерімен құттықтаймыз!
А.Тұрғалиұлы