"ЕЛІМНІҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚ ҚЫЛСАМ ДЕЙМІН"

Ауыл халқы өзінің талантты жастарымен әрқашан мақтанып жүреді. Сондай жастардың бірі – Ерназар Жұбан.

Аққала ауылында дүниеге келген ол мектепті бітірген соң Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Оны бітірген соң Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына «Эстрада өнері» (Эстрада вокалисі) мамандығына түсіп, білімін жетілдіреді. Қазіргі уақытта Алматы қаласы әкімінің Эстрадалысимфониялық оркестрінде әнші болып шеберлігін шыңдауда. Оркестрмен көптеген республикалық, халықаралық жобаларға қатысып, байқаулардың биігінен көрініп келеді. «Топжарған» тележобасына қатысқан, «Х фактор» жобасының финалисті атанған.

2020 жылы Болгария елінің Добрич қаласында өткен халықаралық «Сарандев» вокалдық байқауы мен Румынияның Браила қаласында өткен «Георгий Григориу (George Grigoriu)» атты халықаралық поп-музыка фестиваліне қатысып, І орынды жеңіп алған еді. Ал, өткен жылы «Қазақстан дауысы» жобасына қатысып, бағын сынаған болатын. Ерназармен сол жоба аясында арнайы сұхбаттасқан едік.

-Барлығымыз өзіңізге жанкүйер болып, «Қазақстан дауысы» жобасын апта сайын теледидардан тамашаладық. Жалпы осы жобаға қалай қатыстыңыз. Толығырақ айтып өтсеңіз.

-Туған жеріме, ауылдастарыма үлкен рахмет! «Қазақстан дауысы» жобасына да туған жердің атынан қатыстым. Бұл жоба туралы айтсам, алдымен кастингке, одан соң жабық кастингте бақ сынадым. Содан кейін ғана «Көрмей таңдау» кезеңіне шақырту алдым.

-Көрмей таңдау кезеңінде "Don`t You Worry `bout a Thing" әнін орындадыңыз. Төрт тәлімгердің барлығы бұрылған сәтте қандай сезімде болдыңыз. Өзіңіз күттіңіз бе? Неге Сәкен Майғазиевті таңдадыңыз?

-Әрине, төрт тәлімгердің бұрылғаны үлкен қуаныш. Қаншама жыл еңбектенгендіктен, осындай нәтиже күткенім рас. Ал, Сәкен ағаны таңдаған себебім, ол – менің ұстазым. Сондықтан аттап кете алмадым.

-Тәлімгермен дайындық барысында қандай қызықты сәттер орын алды?

-Бұндай жобаларда түрлі қызықты сәттер, естеліктер болатыны анық. Ең біріншісі, біздің басқосуымыз. Тобымызбен танысып, білістік. Кейінгі дайындық кездерінде Бурабайға бардық. Бұның барлығы тек ән айтып қана қоймай, табиғатпен бірге демалып, көңілімізді сергітуге көп көмектесті.

-Бұл жоба сізге не берді?

-Жоба маған үлкен күш берді. Бұрын жеңілсем қатты уайымдайтын едім. Қазір олай емес. Бұдан бөлек, әр жобаға қатысқан сайын тәжірибе аламын, қасымдағы талантты жастардан білмегенімді үйренемін, достар табамын.

-Қазіргі таңда «Украина дауысы» жобасына қатысып жатыр екенсіз. Қуаныштымын! Қанша уақыт кетті дайындыққа?

-Иә, көп рахмет! «Қазақстан дауысы» жобасы аяқталысымен «Украина дауысына» өз видеомды жолдаған болатынмын. 150 қазақстандықтың ішінен 3 отандасымыз өтті. Сол үштіктің қатарында болғаныма қуаныштымын. Ал, бұл жоба туралы эфирге шықпай, толық мәліметті әзірге бере алмаймын.

-Негізінен, өнер жолына қалай келдіңіз?

-Отбасым өнерден құр алақан емес. Анамның еңбегі орасан зор. Неге десеңіз, бала кезден ауданда өтетін шараларға мені қатыстыру үшін дайындайтын. Әлі есімде, ең алғаш рет аудандық мәдениет үйінде өткен концертке қатысқан болатынмын. Ол кезде еліміздің әнұранын (бұрынғы әнұран) орындағанмын.

-Продюссеріңіз немесе ұстазыңыз бар ма? Осындай жоғары деңгейлі конкурстарға сізді кім дайындайды?

-Продюсерім жоқ. Ұстазым – Қазақстанның Халық әртісі Лаки Константинович Кесоглу. Барлық жоғары деңгейлі конкурстарға мені сол дайындайды.

-Алға қойған мақсатыңыз қаңдай?

-Талантты жарық жұлдыз болып, еліміздің атынан талай байқауларға қатысып, жеңісті бағындыру.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Жадыра Нариманқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521