Елге - интернет игілігі

Биыл ұлттық байланыс операторы «Қазақтелеком» АҚ құрылғанына 30 жыл толады. Мемлекет басшысы «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдап, қалалар мен ауылдық жерлердегі телекоммуникация желілерін одан әрі дамыту, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру үшін халықаралық деректер трафигінде желілік инфрақұрылымды өркендету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берген еді. Осыған орай, мереке қарсаңында «Қазақтелеком» АҚ Индер аудандық учаскесінің бастығы Мұхамбетқалиев Ринат Нұрланұлымен сұхбаттастық.

– Сөзіміздің кіріспесін аудандағы учаскенің жұмысымен бастасақ. Салада заман талабына сай қандай оң өзгерістер бар? – 1994 жылы «Қазақтелеком» ҰАК компаниясының құрылды. Оның атымен біздің еліміздегі телекоммуникация саласының тағдыры байланысты. Бұл сала бойынша еліміздің көптеген көрсеткіштермен жоғары орындарға шығуына мүмкіндік берген біздің экономикамыздың стратегиялық маңызды облыстарының бірі болуға алғашқы қадам болды. «Қазақтелеком» АҚ Қазақстанның ірі қалаларын деректерді берудің жоғары жылдамдығымен цифрлық ағынмен байланыстыратын көлік талшықты-оптикалық сақинасы болып табылатын Ұлттық ақпараттық магистраль иесі. Бас кеңселер Астана және Алматы қалаларында, өңірлік өкілдіктер Қазақстанның барлық аймақтарында орналасқан. Байланыс Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып табылады, ол байланыс қызметіне жеке және заңды тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және қауіпсіздіктің, қорғаныстың, құқық тәртібін қорғаудың, мемлекеттік органдардың қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған. Ауданда бұрын байланыс торабы қызмет атқарса, қазіргі таңда желілік-техникалық учаске есебінде жұмыс жасаудамыз. Штатта 23 адам қызмет етеді. Басшы, бір жетекші инженер және инженерлік техникалық құрам мен кабель-дәнекерлеуші және электромонтерлер. Барлығы да халыққа уақытылы сапалы қызмет көрсету үшін уақытпен де, мезгілмен де санаспай еңбек етуде.

Ауданда желілік инфрақұрылымды жаңғырту және ескірген мыс технологияларынан заманауи технологияларға ауыстыру қалай жүзеге асуда? – Ауданымыз облыс орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі таңда Индербор кенті – республикамыз бойынша бірінші болып GPON технологиясын енгізген елді мекендердің бірі. 2023 жылы аудан орталығында Орталық автоматты телефон стансасына OLT (OLT - бір немесе бірнеше тарату желілеріне қосылған қатынау желісінің желілік жағы интерфейсінің жабдығы) жабдығы орнатылып, штаттық режимде сәтті іске қосылды. Оптикалық желіні тарату мақсатында жерасты байланыс жолдары арқылы 2 км астам сиымдылығы әртүрлі оптикалық кабель тартылып, FTTH желісі іске қосылды. FTTH (Fiber To the home - пәтерге дейінгі оптикалық талшық) - 500 Мбит/с дейін жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізу үшін талшықты-оптикалық кәбілді пайдаланатын технология. Компанияның алға қойған міндеттерінің бірі – біртіндеп мыс желілерін пайдаланудан шығару.

Осы мақсатта «Тазарту» жобасы аясында, биыл кент ішінің орталық көшелерін талшықты оптикалық байланыс желісіне (ТОБЖ) көшіру жоспарда бар. Бүгінде «Көктем» мөлтек ауданынан Ақжайық және Нұрманов № 70,71,72,73 үй тұрғындары үлкен қалалардағыдай жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді. Бұл өз алдына IDNet және интерактивті теледидар «TV+» қызметін толық пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде тұтынушылар жоғары сапалы заманауи телекоммуникация қызметтеріне қол жеткізеді. Қазіргі уақытта ауданымыз бойынша ADSL технологиясын «соңғы миль» параметрлеріне байланысты орташа жылдамдық 8 Мб/с құрайды. Megaline кеңжолақты интернет қызметін пайдаланып отырған абоненттер саны шамамен бес мыңға жуық. Айта кетейік, ауданда шамамен 4673 телефон нүктесі бар, оның 2350-і Индербор кентінде орналасқан. – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының бір бағыты білім мен денсаулық саласын цифрландырумен тікелей байланысты. Ендеше ауданымыздағы осындай мекемелердің даму қандай деңгейде? – Осы бағытта корпоративті сегмент (B2B - Бизнеске арналған бизнес) бойынша да медицина ұйымдарын, мемлекеттік органдарды, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру және жалпы білім беру ұйымдарын кезең-кезеңімен FTTx технологиясына көшіру бірнеше жылдан бері жүріп жатыр. Айта кетерлігі, 2023 жылдың соңында Индер желілік-техникалық учаскесі өз бастамасымен М.Әуезов, осы жылы кезінде аудан орталығы болған Есбол ауылының Жамбыл мектебін оптикалық желіге қосты. Жоғары жылдамдықтың, әсіресе, информатика кабинеттеріде оқу үдерісінің тиімділігін арттырады. Медицина ұйымдарының ішінде, қазіргі уақытта Қызылжар медициналық пунктіне оптикалық желі тарту құрылысы жүріп жатыр, Есбол ауылдық дәрігерлік амбулаториясын қосу жоспарда. «Қазақтелеком» АҚ өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды белсенді дамытуды, яғни жаңа байланыс желілерін салуды және қолданыстағыларын жаңғыртуды жалғастыруда. – Жергілікті халықтың жиі көтеретін мәселесінің бірі – телекоммуникация желілері дамымаған мөлтек аудандардағы байланыстың нашарлығы. Осы мәселе қалай шешімін табуда? – Телекоммуникация желілері дамымаған мөлтек аудандар үшін қазіргі таңда «Серіктестік моделі» бойынша тұрғын үйлерге интернет тарту, желіні құрумен  айналысатын шағын және орта бизнес өкілдерімен келіссөз жүруде. Былтыр аудан орталығында «радио-көпір» технологиясы арқылы интернет қызметін ұсынатын бір базалық жинақ іске қосылды. Бұл дегеніміз – дәстүрлі мыс немесе оптикалық байланыс желілері тарамаған жерлерге орташа есеппен 12 Мб/с дейін интернет қызметіне абоненттерді қосу мүмкіндігі. Базалық станция оптикалық магистральға қосылып, екі шақырымға дейінгі қашықтықтағы нүктелерге деректерді таратуға мүмкіндік береді. Жалпы аудандағы байланыстың нашарлығы туралы үнемі әріптестерімізге хабарлап отырамыз. Қазіргі таңда КСЕLL ұялы байланыс операторының желілік құрылғыларын ауыстыру жұмыстары жүруде. Аудан орталығында КСЕLL және Алтел, «Көктем» мөлтек ауданында КСЕLL, Барлаушы мөлтек ауданында Алтел байланыс операторларының базалық станциясы орнатылған. Әрбір байланыс операторының қызмет көрсету аясы нақты аумақты ғана қамти алады. Кей жағдайда базалық стансадан қашық орналасқан абоненттер шағым айтуы кездеседі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ұялы байланыс стандарттарының жаңа буыны әр 10 жыл сайын әзірленіп отырады. 1981 жылы бірінші стандарт – 1G, 1992 жылы - 2G, 2001 жылы - 3G және 2010 жылдың аяғында - 4G енгізілді. 2020 жылдан бастап 5 буын стандарты енгізілді. 5G ұялы байланысын Қазақстан Республикасының аумағына енгізу Халықаралық электробайланыс одағының 5G стандартын қабылданғаннан кейін мүмкін болды. Бастапқыда үш республикалық маңызы бар қалада 5G желісі құрылды. Аудандағы ахуалға тоқталып өтсем, биылғы жылы Көктоғай ауылдық округінде КСЕLL 4G қызметі қосылса, тағы 7 базалық стансасы 4G қызметіне қарай модернизацияда өткізу күтілуде. Сонымен қатар, Индербор кентінде 2 жаңа базалық станса құрылысы басталады. Одан бөлек «КарТел» ЖШС Аққала, Елтай, Өрлік және Көктоғай ауылдарында Билайн ұялы байланысын орнатуды жоспарлап отыр.

– Аудандағы ескірген ағаш бағаналарын ауыстыру немесе заманауи жабдықтау жоспарда бар ма? – Иә, қазіргі уақытта заманға сай темір-бетон бағаналарына ауыстыру үшін Орталық аппаратқа сұранысты дайындау үстіндеміз. Бұл жұмыстар алдағы жылдардың еншісінде. Бүгінде аудан бойынша әуе желісі 247 мың шақырымды құрайды. – Мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз.

– Жалпы байланыс саласының аудан бойынша дамуына үлестерін қосқан «Құрметті байланысшылар» Есқалиев Демеш Есқалиұлын пен Кенжеғалиев Амантұрлы, Сидешов Қалим мен Бакимов Амангелді ағаларымыздың еңбегі өлшеусіз. Еңбек демалысындағы сала ардагерлері Меңдігереева Ұлдай Ғилымқызы, Жұмағазиева Замарт Бисенғалиқызы, Серіққалиева Светлана Жалғасқызы, Молдағалиева Жамал, Артыққалиева Айжан Тәңірбергенқызының еңбектерін де ерекше атап өткім келеді. Қазіргі кезде саладағы қиындықтарды бірге еңсеріп, уақытпен санаспай, ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан «Құрметті байланысшылар» Есбол Букеев пен Сержан Байғабылов, Асқар Кенжебаев, Сұлу Қабдығалиева, Әлия Демеуова, Салауат Құбашев, Наталья Ермоленко, Гүлнар Бузекенова, Гайдар Габдысалимов, Мереке Нұрадинов, Қанат Ізбасаров, Салтанат Иманғалиева, Санақ Каукилов, Сырым Есенғалиев, Ақбөбек Алтыбаева, Қуаныш Демеуов, Бейбіт Амангельдин, Ренад Үмбетияров, Айбол Жақсыбаев, Аманат Демешов, Жалғас Шапхатов, Алзия Акишева және жас байланысшы Ануарбек Болат секілді өзіндік үлестері бар әріптестеріммен байланыс саласының мәртебесі биік. Бізге жүктелген міндетті абыройлы атқарып, сапалы қызмет көрсету үшін әріптестеріммен бірге жұмыс жасаудамыз. Сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мереке – «Байланысшылар күнімен» шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеймін! – Әңгімелескеніңізге рахмет! Сұхбаттасқан Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT