Ауданның егін даласында соңғы жылдары Өзбекстан елінен келген мигранттар көптеп еңбек етуде. Биылғы көктемгі егін жұмыстарына да ауданнан 15 шаруашылықтан 215 шет ел азаматтарын алу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына квотаға сұраныс беріліпті. Бұл туралы жақында шаруа қожалық басшыларымен өткен жиында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы болған Абай Абдиров атап өткен болатын.
Әсіресе, аудандағы ірі ауылшаруашылық құрылымдары шетелдің жұмыс күшін п а й д а л а н у ғ а бейім. Мысалы, Көктоғай, Есбол ауылдық округтерінде жыл сайын бақша дақылдарын егіп жүрген «Слава» (басшысы В.Ким) шаруа қожалығына жолымыз түсіп жүр. Сонда 80 гектар аумақтағы жазық далада техникамен қазылып шығарылған іріірі пияздар да, басқа дақылдар да түп-түзу болып бой түзеген. Егістік алқабында кәрістермен бірге диханшылықтың қырсырын жетік меңгерген Өзбекстаннан келген ағайындардың білек сыбанып еңбек етіп жатқанына куәміз. Жалпы облыстық әкімдіктің ақпаратында облыстағы егін шаруашылығында жүргендердің 70 пайызы – шетелдіктер.
Ал а т ы р а у л ы қ т а р д ы ң зейнетінен бейнеті көп жұмысқа барғысы жоқ. Айлығын азсынады. Облыста тіпті кәсіби мамандар да тапшы көрінеді. "Облыс әкімі арнайы грант бөліп, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындауға талпынып отыр. Өкініштісі, облыста 2-3 бала тілек білдірсе, оның өзі грант алуға тиісті шекті балл жинай алмай отыр. 1-2 шаруашылық агрономды оңтүстіктен әкелді. Бірақ оның көпшілігі шақырсақ, келмей отыр", - деген болатын Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев.
Ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сәйкес, былтыр карантиндік шектеулер болып мүмкіндік азайғанына қарамастан, ауданның 4 егін шаруашылығында 116 миг р а н т қызмет атқарған. Мысалы, «Слава» шаруа қожалығында - 63, «Асыл-Агрода» - 42, «Шаңырақта» -8, «Ер Қосайда» -3 адам еңбек еткен. Жақында өткен жиын барысында бірқатар шаруа қожалық басшылары өзбекстандық диханшыларға қызығушылығын білдіріп, қажетті құжаттарын сұрастырып жатты.
- Квота алу үшін, бірінші облыстық жұмыспен қамту басқармасына қажетті шет ел азаматтарына өтінім тапсыру керек. Аталған мекеме, өтінімдерді 10 күн ішінде қарап, Ақтау қаласына Өзбекстан мемлекетінің консулына жібереді. Жұмысқа келуіне содан құжат береді. Қазақстанға жұмысшыларды әуе жолымен және автомобиль жолымен шекарадан өткізуге болады, - деді салалық бөлімнің басшысының міндетін атқарушысы Абай Абдиров.
Иә, шаруа қожалықтары тарапынан шетелдік диханшыларға сұраныс көп болғанымен, белгіленген лимит бар. Әрі оның саны да жыл сайын азайып келеді екен. Мысалы, Абай Абдировтың айтуынша, былтыр облыс бойынша 830-ға дейін шетелдік диханшыға рұқсат етілсе, биыл оның саны 381 адамға дейін азайыпты.
С.БАЗАРБАЕВ