Бас жоспарға өзгеріс енеді

Индер ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық кеңестің төрағасы Әлифолла Балахметовтың төрағалығымен  аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысына аудан әкімі Дарын Шамұратов, мәслихат төрағасы Абзал Рамазанов, қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, баспасөз өкілдері қатысты. 

Қоғамдық кеңестің күн тәртібінде, алдымен, Индербор кентінің оң жағалау бөлігіндегі Аққала ауылының бас жоспарына өзгеріс енгізу мәселесі қаралып, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Алтынбек Ғабдуллин хабарлама жасады.

Сала өкілінің айтуынша, Индербор кентінде тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін сұрап арызданған азаматтардың саны күні бүгінге 4500-ден асып кетуіне орай, азаматтарды жер учаскелерімен қамтамасыз ету және кенттің аумағын үлкейту мақсатында 2022 жылдан бастап Индербор кентінің оң жағалау бөлігінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу жұмыстары «Атырау облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ арқылы жасалған. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына 35 000 000 теңгеден астам қаржы қаралыпты.

– Таңдалған аумақтың ауданы 1208 га құрайды. Жайық өзенінің су қорғау аймағы 1000 метр және су қорғау белдеуі 100 метр деп есептелген. Аймақтың табиғи-климаттық жағдайлары, гидрография және гидрологиясы, топырағы, жер асты мен жер үсті сулары зерделенген. Бұл аймаққа шамамен 17 212 адам келіп оларға көп қатарлы тұрғын үйлер, тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 3117 жер учаскесі, 1514 орындық 7- мектепке дейінгі балалар мекемесі, 3800 орындық 3-жалпы білім беретін мектеп, 450 төсекті аудандық аурухана, жедел-жәрдем қосалқы станциясымен ауысымды 600 адам қабылдайтын емхана, 300 орындық мәдениет үйі, шығармашылық үйі, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мешіт, сауда орталықтары, коммерциялық нысандар, әкімшілік ғимараттар, банк бөлімшелері, ХҚКО, өрт сөндіру бекеті, ипподром, мал базары, мал сою пункті, саябақ, стадион, су паркі, зират, бір қосалқы электр станциясы, телекоммуникация, жылумен қамту стансалары және Жайық жағалауына суға қарсы бөгет қарастырылған.

Қазіргі уақытта, аталған жер учаскесіне газ, ауыз су жүйесі тартылды, ток желісін биыл тарту күтілуде. Бұл аймақтан  903 жер телімін табыстау жоспарланып отыр.

Алайда, биыл су тасқынынан көптеген жерлер су астында қалған, соның бірі жоспарланып отырған жердің аумағына кіріп отыр. Осыған орай, аталған Индербор кентінің оң жағалау бөлігінің егжей-тегжейлі жоспарының бұрынғы жобасының күшін жойып, кентіміздің даму мақсатын басқа аймағынан жер аумағын бөлу жөнінде талқыға салуды ұсынамын, - деді ол өз сөзінде.

Аталған мәселеге орай, кеңеске қатысушылар ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды. Кәсіпкер Керімбай Сабырғали мен құрылысшы Сәбит Нәби, облыстық мәслихат депутаты Жанай Амантурлин бұл жобаны әлі де ғылыми зерделеп, қажет болса, түгелдей тоқтатып, өңірді дамытуды Бөдене, Жарсуат аймағына қарай бейімдеу керек екенін айтты.

–2004 жылдарда бюджеттен қаржы шығарылып, жоба жасалған. Одан кейін 2008-2010 жылдарда бас жоспар жасалды. Кейін 2022-2023 жылдарда жобалық-сметалық құжаты жасалды. Мұнда 400-500 га жері ғана су баспайтын аймақ. Себебі, Аққаланың деңгейімен бірдей. Қалған 600-700 га су басатын аймаққа жатады. Сол үшін бас жоспарда бөгет жасалған. Менің ойымша, су баспайтын аймаққа 10 мыңдай халық сияды. Ол игеріліп болғанша 15-20 жыл уақыт кетеді. Сондықтан, жобаны түгел бұзбай, мүмкіндігі бар жерлерді  игеріп, ИКИ жүргізіп дамытуымыз керек, - деді осы жобаға тікелей қатысы бар бұрынғы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан  Иманғазиев.

Аталған мәселе төңірегінде аудан әкімі Дарын Шамұратов барлық ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, Аққала ауылының жанындағы су баспаған аумақтарды кеңейте отырып, Индербор кентінің оң жақ жағалауындағы даму жоспарына өзгеріс енгізіліп, су басқан аймақтарды пайдаланбау жөнінде шешім енгізуді ұсынатынын және  өзекті тақырып жөнінде әлі де талқылау ұйымдастыру қажет екендігін айтты.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521