Бард ақынға арналған байқауда жерлесіміз жеңіске жетті

Тау тұлғалы Табылды

«Мен қазақпын, мен қазақпын, қазақпын деп айтам ән,

Халқым үшін қан-додаға кірмей қалай жай табам?!

Менің қаным тебіренсе тентек Каспий секілді,

Қинайтұғын, ұйымайтұғын, Арнасына сыймайтұғын қайтадан... — деп жырлаған қазақтың тұңғыш бард ақыны, көрнекті сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Табылды Досымовты еске алуға арналған «Тау тұлғалы Табылды» атты бард әндерді орындаушылар арасында ашық байқау Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданында алғаш рет ұйымдастырылды.

Сырым аудандық туризм орталығы ұйытқы болған шараға Маңғыстау мен Атырау облыстарынан барлығы 22 бард орындаушылары қатысты. Табылдың әндерін насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатындағы шарада ақынның ұлттың рухын көтеретін патриоттық және сағынышқа, әдемі сезімге толы ұмыт қалған әндері шырқалды.

bard

Нәтижесінде жерлесіміз Алтынбек Бақтыгереев бас жүлдеге ие болды. Ал 1 орын Сырым ауданының бард орындаушысы Жанұзақов Бақытжанға бұйырды. Екінші орынды Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан қатысушы Дәурен Тажмуханов пен Жәнібек ауданынан қатысушы Расул Ерназаров иеленді. Үшінші орынды Сырым ауданынан Азамат Кыдыргалиев, Казталов ауданынан Наргиза Мағжанова және Ақжайық ауданынан Марат Қолғанат иеленді.

azamat

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Көгеріс ауылының тұрғыны, бард үйірмесінің жетекшісі, тарих пәні мұғалімі Азамат Қыдырғалиевті сөзге тартқанымызда:

- 2010 жылдан бері Табылды Досымовтың әндерін насихаттау, «бард» деген қандай ұғым екенін түсіндіру бағытында жұмыстанып келемін. Осы уақытқа дейін сүбелі еңбегімнің арақасында көптеген жетістіктерге, белестерге жеттім. Біздер Табылды Досымовтың туған күніне орай жылына бір рет оқушыларға ақынның өмірі, оның өлеңдерінің тарихы туралы шара ұйымдастырып жүрміз. Ол кеште үйірмедегі оқушылар төменгі және жоғарғы топ деп екіге бөлінеді. Оның ішінде жас ерекшеліктеріне қарай (11-12, 13-15, 16-18, жетекшілер байқауы) аспапты жақсы тарта білуін, орындау мәнерін, дауыс үндестігін бақылауға жұмыстанамыз. Қазіргі таңда олар Табылды ағамыздың бүкіл өлеңдерін жақсы меңгеріп келеді.

Әр сабағымды Табылды Досымов ағамыздың суретін шығарып, өмірбаяны мен өткен жолдары, өлеңдерінің мазмұндарын түсіндірумен бастаймын. «Қазақ едім дегенше», «Мен қазақпын», «Биіктік» секілді әрбір өлеңдеріне тоқталып, елім деп еміренген адам екенін балаларға насихаттап отырамын. Шәкірттерім - гитараны тартуға, өлеңді нақышына келтіріп айтуға құштар. Көбінесе «Мен қазақпын», «Сәйгүлік» деген әндерін айтып, мектепаралық, облыстық шараларға шығып, өз өнерлерін көрсетіп жүр. Бір оқушым 2017 жылы республикалық көлемде Ақтау қаласынан 2 орын алса, Ақтөбе қаласынан дипломант атанып келді. Шәкірттерімнің жеңісі - маған үлкен мәртебе.

Бүгін міне, Табылды ағамыздың зиратына мінәжат етіп, ескерткішін көріп, бас жүлдемізді Алтынбек бауырымызға табыстауға аудандарыңа табан тіредік. Ағамыздың достарымен, адал жарымен кездесіп, біраз мағлұмат, тың дүниелер алдық. Болашақта тек Сырым ауданында емес, жалпы Қазақстан бойынша ағамыздың өлеңдерін насихаттап, оның ішінде естілмей жүрген өлеңдерін ары қарай жандандыру бағытында байқаулар жиі болып тұрса екен деймін.

«Табылды – Индердің ғана адамы емес, бүкіл қазақ ұлтының адамы». Себебі, бұрынғы Асан қайғыны аңсап, кейінгі Алаш үкіметін қозғап, «Желтоқсан оқиғасы» туралы және қазақтың сол кездегі өмірлері жайын да өлеңдерінде қозғаған. Ол өзінің қарапайымдылығымен артында өлмейтін із қалдырған мыңнан бір туған адам, - деді ағынан жарыла.

Иә, аз ғана ғұмырында мәңгі өлмес мол мұра қалдырған Табылды ағамыздың айтқан әні, өткір өлеңдері әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталып қаларына сенеміз.

А.Тұрғалиұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521