Өңірде «Отбасы банк» АҚ және облыстық әкімдіктің қолдауымен «Атырау қала жастары-2024» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Жобаға бөлінген қаражат мөлшері – 2 млрд 300 млн теңге. Бұл туралы "Отбасы банк"АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Мұғалімов баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Бағдарлама қатысушыларына берілетін несиенің ең көп сомасы – 20 млн теңге. Несиелік мөлшерлеменің жылдық көрсеткіші – 6%, ал бастапқы жарна – 10%. Несиенің максималды мерзімі - 19 жыл. «Атырау жастары» бағдарламасының қатысушыларына қойылатын бірнеше талап бар. Біріншіден, өтінім берушінің жасы 35-тен аспауы шарт. Екіншіден, қатысушының Атырау қаласында кемінде соңғы бір жыл тұрақты тіркеуі және өтініш берген кезде өзімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Атырау қаласында тіркеуі болуы тиіс. Үшіншіден, бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін немесе меншік құқығындағы тұрғын үйінің жоқтығы ескеріледі. Төртіншіден, Атырау қаласында таңдаған мамандығы бойынша ресми жұмыс өтілі болғаны жөн. Бесіншіден, бағдарламаға ерлі-зайыпты жастардың біреуі ғана қатыса алады. - Бағдарламаны ұсынудағы басты мақсат - жастардың барынша тиімді шарттармен баспана сатып алуына жол ашу. Бұл қаламыздағы жастардың, әсіресе табыс көзі аз жас буынның үй алудағы мәселесін оңынан шешуге мүмкіндік береді, - деді Н.Мұғалімов. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі екіжақты келісімге Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін мен «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Нұржан Мұғалімов қол қойды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының басшысы Мереке Зинуллиннің айтуынша, аталған бағдарламаға дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт саласының өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала мен коммуналдық кәсіпорын еңбеккерлері, сондай-ақ жетім балалар санатымен тұрғын үй кезегіндегі азаматтар қатыса алады. Анықтама үшін: Бағдарламаға қатысушылар жұмыс өтілі және әлеуметтік жағдайына қарай ұпай алады. Егер отбасының бірнеше мүшесі мүгедек болса, әрбір мүгедекке ұпай беріледі. Сондай-ақ Атырау қаласында әлеуметтік санаты бойынша тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға және заңды некеге тіркелгеніне кемінде 12 ай болған үміткерлерге ұпай беріледі.
«Атырау қала жастары-2024» бағдарламасына құжаттарды қабылдау 12 тамызда басталады
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Аудан тынысы
- Read Time: 1 min
- 838