Аралас дүкен ауылға жайлы

Ауданымызда жыл өткен сайын шағын және орта бизнес дамып, жеке кәсіпкерлікпен айналысам деушілердің қатары күннен күнге артып келеді. Соның бір дәлелі жақында ғана Өрлік ауылында тұрғындар сұранысын өтеуді мақсат тұтқан кәсіпкер Ренад      Кенжалиев «Бекназым» атты аралас дүкенін ашты.
Дүкен ашуға ауылдың ішінен жер алған Ренад Кенжалиев ойға алған дүкен құрылысына өз қаражатымен кіріседі. 2016 жылдан бері кәсіпкерлік салада жүрген ол алғашында қағазды көшірме өткізуден бастап, одан соң көрші Батыс Қазақстан облысынан астық, жем тасумен айналысқан екен. Ал қазір өз еңбегімен нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп, бастаған ісін аяқтап, ауыл тұрғындарына қажетті азық-түлікті төмен бағамен қамтуды қолға алуда. Қырда мал шаруашылығымен айналысқандықтан, сол жүрде үйі, анасы бен бауырлары тұрады екен. Жақында ғана күннен электр қуатын алатын құрылғы сатып алып, үйге тоқ жүргізіп отырған көрінеді. Бұрындары моторды қолданғанда жиі сөніп, әбігерлік туғызған екен.
– Отбасымызбен кеңесе отырып, шағын дүкен ашуды ниеттендік. Ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасағымыз келді. Азық-түлікті Атырау қаласынан тасымалдаудамыз, ал малға арналған жемді Орал қаласынан әкелуді жоспарлап отырмыз, - дейді, Ренад Ғайсаұлы бізбен әңгімесінде.
Ауыл азаматтары мен дүкен иесінің туған-туысқандары мен көрші-көлем сауданың табысты,  жұмысының сәтті болуын тіледі.
– Өмірдің қиындығына қарамай әке ісін жалғастырып, шаруа қожалығын ашып, төрт түлік мал өсіріп, жетістіктерге қол жеткізіп отырған ауыз толтырып айтатын кәсіпкер. Мына бүгінгі өздеріңіз куә болып отырған "Бекназым" дүкенінің ашылуы сол жетістіктердің бір айғағы. Осы жасалып жатқан іс-әрекеттің, жетістіктің барлығы тек қана өзінің маңдай тері еңбегінің арқасы. Ренадтың әлі де алға қойған жоспарлары, мақсат-мүдделері жеткілікті. Сөз келісінде айта кетейін, атқарушы билік өкілдері,   осындай еңбекқор жастарды қолдап, жоғары кернеулі электр желісі жүргізілсе сүт өндіріп, одан түрлі ұлттық тағамдар жасау мүмкіндігі шешілер еді  және ол Ренадтың қолынан келетініне сенімдімін. Еңбегі жемісті болсын!, - деген зейнеткер  Сағат Сатқанов  бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.
Аралас дүкеннен керегіңізді таба аласыз. Азық-түліктің барлығы  дерлік бар. Сүт, шұжық өнімдері, күнделікті қолданылатын тұрмыстық заттар да сатылады. Барлығы сөрелерге сұрыпталып жиналған. Ендеше, «Бекназым» дүкені алдағы уақытта тұтынушылардың көңілінен шығатын сауда орны боларына сенеміз. Осындай халыққа қызмет көрсету орындары көбейіп, ауыл халқын қуанта берсін!


Ж.НАРИМАНОВА,
Өрлік ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521