Ақмарал тағы да жеңіс тұғырында

Орал қаласында шахматтан ұйымдастырған «SENAT OPEN-2025» Батыс аймақтық жартылай финалы жоғары деңгейде өтті. 


Ақтау, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының үздік шахматшылары жиналған ашық кубогқа облыстық іріктеулерде топ жарып, жолдама жеңіп алған 150-ге жуық үміткер қатысты.

Жарыс ерлер мен әйелдер арасында аралас форматта ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде сайыстың күрделілігін арттырып, әр қатысушыдан аса жоғары дайындық пен шеберлікті талап етті.

Осындай дараланып шыққандар қатарында ауданымыздың намысын қорғаған дзюдо үйірмесінің жатықтырушысы Нариман Нұрашев пен әріптесіміз, «Дендер» газетінің веб-редакторы Ақмарал Төлегенқызы  да бар. Ақмарал жіті ойлау қабілетімен көзге түсіп, жарыс нәтижесінде әйелдер арасында үшінші орынға ие болды.

-    «Жартылай финалға қатысқан әйел адамдардың ішінде біз – төртеуміз озық шықтық. Бірінші орынды алған оралдық шахматшы бізден бір ұпай артық жинады. Ал мен атыраулық Арай және ақтөбелік қызбен бірдей – үш ұпайға ие болып, екінші орынға таластық. Нәтижесінде коэффициент бойынша Арай 19 балмен екінші орын алды, ал мен 18 ұпаймен үшінші орынға тұрақтадым. Ерекшелігі – біз үшеуіміз ойын барысында бір-бірімізбен жолықпадық, түгелдей ер шахматшылармен сынға түскен болатынбыз. Біз үшін бұл – нағыз жігер мен төзімді сынайтын шыңдалу мектебі болды», – дейді жүлдегеріміз Ақмарал Төлегенқызы.


Бұл – тек жеке жетістік емес, ауданның абыройын асқақтатқан үлкен мақтаныш. 


Әріптесімізді құттықтай отырып, шығармашылық табыс пен спортта мол жетістік тілейміз.

"Дендер"-Ақпарат

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT