Жақында Индер ауданының Елтай округіне қарасты 872 тұрғыны бар Аққала ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұл емдеу мекемесі былтыр тамыз айында «BAISANAT-A» ЖШС мердігерлігімен құрылысы басталып, биылғы шілде айында пайдалануға беріліп отыр.
Жалпы көлемі 182,44 шаршы метр болатын нысанда екпе, фельдшерлік және акушерлік кабинеттері бар. Онда бір дәрігер, бір акушерка және бір медбике қызмет етеді. Аққалалық дәрігер Жанар Аманғалиеваға хабарласқанымызда:
- Жаңа ғимаратқа орналасып жатырмыз. Іші қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, әрі бөлмелері кең, жақсы. Бұйырса, жанына шипа іздеген ауылдастарымызға барынша көмек көрсетуге әзірміз, - дейді ол.
Ал сол ауылда елу жылдан астам уақыт өмір сүріп келе жатқан ақжаулықты ана, бұрынғы медбике Нұрзила Бисекешова:
- Ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Жаңа мектеп, жаңа амбулатория. Мұның бәрі халық үшін жасалып жатқан игілік. Әрине ет пен сүйектен жаратылғандықтан аяғы ауырып, балтыры сыздамайтын адам кемде-кем. Тек бәріне шипа табылғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!- деп ақ тілегін жаудырды.
«Жақсы іс-жан жадыратады» демекші, ауылға көңіл бөлініп, жасалып жатқан істерге тұрғындардың қуанышы шексіз. Барлығы сәттілігімен болғай!
А.БОКИРОВА