Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында республикалық жазғы спартакиаданың жолдамасы сарапқа салынды.
-Атырау қаласында өткен облыстық сында аудан спортшылары өте жақсы нәтижемен көзге түсті,-деп қуанышпен хабарлады аудандық мүгедектер спорт клубының жетекшісі Жасұлан Бисенов.
Олар спорттың 5 түрінен 12 спортшы бақтарын сынаған екен. Әсіресе, жеңіл атлетикадан бөденелік Нұрлыбек Қабдырахманов зағип спортшылар арасында ядро, диск, найза лақтырудан 3 бірдей алтын жүлдені ұтты. Индерборлық Бергенбай Нұрхан тірек қозғалысы жүйесі ауыратын спортшылар арасынан диск пен найза лақтырудан 2 алтын жүлдені қанжығаға басты. Есболдық Райымбек Нечаев жүгіруден алтын, ядро мен дискіден қос күміс иеленді.
Сонымен қатар Айтөре Тәженов, Оқас Мейрамбек, Қуат Жанесеев, Индира Жанғылышева, Шынар Нұрғалиева, Ерболат Жолдасқалиев, Райгүл Жақсыбаева, Жасұлан Бисенов, Рима Шаукирова жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жарыстың жалпы қорытындысы бойынша индерлік спортшылар 10 алтын, 8 күміс, 4 қола жеңіп алды.
-Осы сайыс қорытындысымен үздік спортшылар іріктеліп, алдағы қыркүйек айында Шымкент қаласында өтетін спартакиадада бәсекеге түседі. Бүгінгі сында жақсы нәтижелерімен көрінген аудан спортшыларының кем дегенде 5 спортшысы жолдама алды деген үмітіміз бар, - деді аталмыш клуб жетекшісі Жасұлан Бисенов.
Сондай-ақ ол аталмыш сайысқа қатысуға жағдай жасаған аудан әкіміне және оған қарасты бөлімдерге ризашылығын жеткізді.
Саламат САНСЫЗБАЙҰЛЫ