Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақсай қаласында 2013-2016 жылы туған жасөспірімдер арасында еркін күрестен ашық турнир өткізілді.
Турнирде Шымкент, Ақтөбе, Орал, Атырау қаласынан және ауданда[1]рынан 350-ге тарта жас палуан бақ сынады.
Аталған турнирде аудан намысын қорғаған жарсуаттық жас балуандардың бағы жанып, жүлдегер атанды. Атап айтқанда, 26 кг салмақта Жомарт Темірлан, 32 кг салмақта Нәсіпқали Бегасыл, 35 кг салмақта Бегжан Біржанұлы күміс жүлдегер, ал, 21 кг салмақта өнер көрсеткен Мағзом Әділхан мен 50 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Нәсіпқали Санжар қола жүлдегер атанды. Сөйтіп, Жарсуат ауылының құрамасы командалық есепте ІІІ орынға ие болды. Жеңімпаздар арнайы медаль мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
– Ақсай қаласында өткен турнир өте тартысты өтті. Бұндай жарыстар жас спортшының шынығып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Сол үшін әркез оқушыларымды жарыстарға апаруға тырысамын. Осы ретте, үнемі қолдап отыратын ақ батасын беріп шығарып салып және сән-салтанатымен күтіп алған ата-аналарға алғысымды айтамын, – деді бапкері Дархан Ізмұханов бізбен әңгімесінде.
Ж.НАРИМАНОВА