«Айналайын» бөбекжай бақшасында денсаулық саласы мамандарының ұйымдастыруымен спортқа деген қызығушылықты арттыру және ұжым арасындағы ұйымшылдықты нығайту мақсатында бөбекжайішілік сайыс өткізді.
Табиғат аясында өткізілген жарысқа бөбекжай тәрбиешілері мен мамандары қатысты. Алдымен балабақша меңгерушісі Светлана Жанғали қатысушыларға тартысты ойын өтуіне сәттілік тіледі. Қатысушы сайыскерлер «Барыс» және «Қыран» болып екі топқа бөлінгеннен кейін өз топтары мен ұрандарын айтып өтті. Содан соң қатысушылар эстафеталық таяқшамен жүгіру арқылы кедергіні айналып өтіп келесі адамға жалғастырса, екінші бөлімде хоккей таяғымен кішкене допты итере отырып кедергіні айналып өтті.
Ал, «Балықшы» сайысында жерде жатқан затты таяқшаға іліп алып, келесі адамға жалғастырды. Осылайша, төртінші бөлімде кедергілер арқылы жүгіріп өтіп допты себетке салып, соңғы «Кім мерген?» сайысында дискілерді таяқша арқылы өткізу арқылы шеберліктерін көрсете білді. Аппақ қардың үстінде өткен қызықты ойын нәтижесінде "Қыран"командасы жеңіске жетті.
Шара соңында қатысушы командалар мен жекелеген сайыскерлер бөбекжай әкімшілігінің арнайы дипломдарымен марапатталды.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ