Номад ММА аралас жекпе-жектен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы әлем чемпионаты Қарағанды қаласында аяқталды.
Дүбірлі додаға көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресеймен қатар Иран, Пәкістан, Бангладеш секілді барлығы 12 елден 623 сайыскер қатысып, бақ сынады. Әлемдік сайыста жерлесіміз, полиция аға лейтенанты Бекназаров Қуандық Сырымұлы 65 келі салмақ дәрежесінде күш сынасып, күміс жүлдені жеңіп алды. Әрі аталмыш спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ол бұған дейін аралас жекпежектен Қазақстан чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, аталған әлемдік додаға жолдама алған болатын.
-Қарағанды октагонында 3 жекпе-жек өткіздім. Алдымен ирандықты және көршілес ақтөбелік қарсыласымды ұттым. Финалдық бәсекеде жеңіс жергілікті қарағандылық қарсыласымның қанжығасында кетті, - дейді ауылға жолға шыққан Қуандық Сырымұлын сөзге тартқанымызда.
Әрине, дүбірлі доданың жүлдесі жолда жатқан жоқ. Қуандық Бекназаров жастайынан аудандық балалар спорт мектебінде еркін күреспен шұғылданып өскен жігіт. Кейін тәртіп сақшысы болуды таңдап, Атырау қаласында қызметте жүргенде қоян-қолтық жекпе-жекті меңгерген, талай жылдан бері шеберлігін шыңдап жүрген сайыскер. Бүгінде аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарады. Жүлдегер жерлесімізге еңбегіне табыс, жекпе-жекте жеңіс тілейміз!
С.БАЗАРБАЕВ