Павлодар қаласында өткен тоғызқұмалақтан «ҚР жасөспірімдер чемпионаты - 2019» жекелей біріншілігі өз мәресіне жетті.
Онда 9, 11, 13, 15 жастағы еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда секілді түкпір-түкпірінен келген балғындармен қатар, Атырау облысынан да 20 бақсынаушы додаға аттанған. Ол құрамада жерлестеріміз, кішкентайынан аққалалық жаттықтырушы Амангелді Мұратов баптаған, қазіргі кезде талай додаларды бастан өткеріп, жеңіс тұғырын бермей жүрген өрен Арайлым Құсайынова мен оның ізбасары Аружан Аязбай да бар болатын.
Ереже бойынша тоғызқұмалақ үш, яғни рапид, шапшаң ойын (блиц), классика түрлерінен өтті. 10-18 маусым аралығына созылған бұл додадан 15 жастағылар арасында шаршы топты шапшаңдығымен жарып көзге түскен Арайлым Кенжетайқызы ІІ орынмен оралды. Жаттықтырушысының айтуы бойынша, Арайлым жартылай финалда жоғары нәтиже көрсетіп, ақтық сында ғана теңбе-тең келе жатқан павлодарлық қарсыласына есе жіберіп алады.
Облыс намысын қорғаған қызымызға жеңісті күндерің көп болсын дейміз.
Ақмарал БОКИРОВА