Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары кеңейтілді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Қазақстанда шығарылған өңделген тауарларды ішкі нарыққа ілгерлетуге арналған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру қағидаларына енгізілген өзгерістерде айтылған. Жаңа тәртіпке сәйкес, кәсіпорындарға ел ішінде басым тауарларды теміржол арқылы тасымалдауға жұмсалған шығындардың 50 пайызына дейін өтемақы қарастырылған.
Аталған шешім логистикалық шығындарды азайту және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттілігіне байланысты қабылданды. Бұған дейін мұндай өтемақы шарасы тек экспорттық бағыттарға қатысты қолданылып келген, ал ішкі тасымалдар қамтылмаған еді. Енді бұл қолдау республика ішіндегі тасымалдарға да таратылады.
Қағидаларға сәйкес, өтемақының ең жоғары мөлшері 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 43,25 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар, халықаралық сертификаттау шығындарын өтеу көлемі де айтарлықтай артты — бұрынғы 3 000 АЕК-тен 15 000 АЕК-ке дейін, бұл шамамен 65 млн теңге.
Бұдан бөлек, еңбек өнімділігін арттыруға арналған мемлекеттік қолдауға қол жеткізу шарттары жеңілдетілді. Енді жыл сайынғы салық түсімінің өсуі жөніндегі талап 7 жылдан аз уақыт бұрын тіркелген кәсіпорындарға қолданылмайды. Бұл жас өндірістердің мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Айта кетейік, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларының ұлттық операторы — QazIndustry. 2025 жылдың қорытындысы бойынша орталық кәсіпорындарға 1,4 млрд теңгеден астам шығын өтеліп, шамамен 60 компания мемлекеттік қолдауға ие болған.


