Саиданың кезекті жеңісі

Қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан Кубогы сарапқа салынды. Қажымұқанның 150 жылдығына арналған аталмыш дода Тараз қаласында өтті.

Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыстан 342 палуан қатысып, сынға түсті. Жекелей есепте жергілікті Жамбыл облысынан кейін Атырау облысы 2 алтын, 1 қола медальмен екінші орынды жеңіп алды.

Қос алтын кубоктың бірін +77 келі салмақта белдескен жерлесіміз, Өрліктің өрені Саида Қапсалықова иеленді. Қыздар арасындағы жоғары салмақта белдескен жерлесіміз үш жекпе-жекте қарсыластарынан басым түсті.

Өрлік ауылында Шапағат Жұмажановтан тәлім алып өскен Саида палуанның негізгі шыңдалып өскен спорт түрі – дзюдо. Ол – аталмыш спорт түрінен және самбо мен белбеу күресінен жастар арасында әлемдік, құрлықтық жарыстардың талай жүлдесін қанжығаға басқан тәжірибелі палуан. Енді, міне, өзінің жүлде қорын қазақ күресіндегі алтын кубокпен толықтырып отыр.

Қазақстан кубогының командалық сынының да үздіктері анықталды. Қуаныштысы, Атырау облысы командасы ақтық сында Алматы қаласының палуандарын 5:2 есебімен жеңіп, кубок иегері атанды.

Жеңімпаз команданың сапында жерлесіміз, аудандық балалар спорт мектебінің бапкері Майдан Батанов 82 салмақ дәрежесінде белдесіп, алтын жүлдеге лайықты үлесін қосты.

САЛАМАТ Б.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521