Кіл мықтылар айқасқа түсетін аралас жекпе-жек өнері қазір қалың жанкүйерді баурап алған. Өңірімізде де бұл спорт түрі жақсы қарқынмен дамуда.
Жақында Қазақстан чемпионатына іріктеу жарысы Атырау қаласында өтті. Облыстың мықты жігіттері бас қосқан сында индерлік жекпе-жек шеберлері де табысты өнер көрсетті.
Әсіресе, 16-17 жас аралығындағы жастар арасындағы сында 61 келі салмақтағы жерлесіміз Алмас Қазиев төрт бірдей қарсыласын қапы қалдырып, облыс чемпионы атанды.
17-18 жастағы жас жігіттер арасында сынға түскен Тілепберген Серікқалиев 77 келі салмақта осындай биік межеден көрінді. Ал, Бауырбек Серікқалиев жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты.
-Чемпион атанған қос шәкіртім ақпан айында Алматы қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алды. Үлкен додаға дейін облыс құрамасы сапында да оқу-жаттығу жиындарына қатысып, шеберліктерін шыңдайды. Ал бұл жарысқа шығуымызға клуб президенті Ринат Арыстанов пен жеке кәсіпкер Марат Гумаров қолдау көрсетті, - дейді Индер жекпе-жек клубының бапкері Абылай Даутов.
САЛАМАТ Б.