Индер ауданы Аққала мəдениет үйінде спорт мерекесіне орай, ауылдың дене тəрбиесі пəні мұғалімі, аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Кəукенов Нəсіпқали Зайдоллаұлымен онлайн түрде сыр-сұхбат өтті.
Кездесуде алдыменен сұхбатты ұйымдастырушы, мәдениет үйінің директоры Камалиден Ізімов Нəсіпқали Зайдоллаұлын мерекесімен жəне Мəдениет жəне Спорт министрлігі табыстаған " Ауылдың үздік жаттықтырушысы " марапатымен құттықтады.
Сондай-ақ жерлестері мен шәкірттерінің көкейде жүрген сан сұрақтарына жауап берді.
Нәсіпқали Кәукенов сұхбат барысында өзінің өскен ортасы, аққалалық Зайдолла мен Үмітқаным атты қарапайым отбасында дүниеге келгендігі айтты. Еркін күрестің əліппесін алғаш үйреткен бапкері Талғат Досанов болса, оны одан әрі жалғаған Республикаға белгілі бапкер Сəттіғұл Əзірбаев болғанын мақтанышпен атап, көк кілемдегі күрес əдістерін үйреткен ұстаздарына алғысын жаудырды. Еңбек жолын алдымен Елтай ауылынан бастаған ұстаз қазіргі кезде бірнеше ізбасар дайындап келе жатқанын тілге тиек етті. Солардың ішінен Қарабалиев Төлеген деген шәкірті облыс, республика көлемінде жүлделі орындардан көрініп, алғаш жасөспірімдер арасында чемпион атанса, алты Алаштың белгілі азаматы танылып, есімі əлемге белгілі болған Азия, Əлем чемпионы Талғат Сызбазды да баптап шығарғанын атады.
- Иə, Сырбазды бесінші сыныптан бастап күреске үйрете бастадым. Аядай тар бөлме, балалар басын жарға соқпасын деп қадағалап тұратынбыз. Сондай тар бөлмеден есімі тарихқа жазылар күрескерлер шығары даусыз. Шынында Сырбаз күрес əлемінде талай биік шыңды бағындырды. Əлі есімде Сырбаз 2015 жылы күрестен чемпион болғанда , қуаныштан жылап жібердім , шəкіртің өз балаңдай болады ғой ,- деген ол алақандай ауылда ФОК немесе күрес залы жоқ екенін айтып, соны басшылар жағы ескерсе екен деген тілегін жеткізді.
"Ауыл азаматымен көрікті" дегендей, ел мен ер, ауылымен азаматы, тарихымен тұлға туралы болашақ жастарға тəрбие берерлік əсерлі əңгіме болды... 0