Жақында қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан әйелдер арасында облыстық чемпионат өтті.
Ұлттық ойынды дамытып, оны кеңінен насихаттап, спортшылардың шеберлігін шыңдауды мақсат еткен жарысқа Махамбет, Қызылқоға, Исатай, Индер аудандарынан бір-бірден, ал облыстан үш команда қатысып, сынға түсті. Ауданымыздан барған талабы зор тоғызқұмалақшы жасөспірімдерді Аққала орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, тоғызқұмалақ үйірмесінің жаттықтырушысы Амангелді Мұратов бастап алып барды. Нәтижесінде жерлестеріміз Қарлығаш пен Арайлым Құсайынова, Гүлмаржан Бейімбетова, Ажар Жұмагелдина, Махаббат Сансызбаевадан құралған топ өздерінің мүмкіндіктерін жоғары деңгейде көрсете білген.
– Әйелдер арасындағы тоғызқұмалақ ойыны тартысты да таласты өтті. Біздің жерлестеріміз қарсыластарын түгелімен ұтты, бірақ өкінішке орай облыстан қатысқан үш команда есеп қорытындысымен бір балға озық түсіп, бас жүлде мен «Спорт шеберіне үміткер» белгісін иемденіп кетті. Ал соның нәтижесінде біздің қыздарымызға екінші орын бұйырды,-дейді аққалалық Амангелді Әйіпқалиұлы.
Диас АЙБАР