Халықаралық спортшылар күніне орай Индер аудандық мәдениет үйінде салтанатты жағдайда арнайы басқосу болып, саладағы жетістіктер жан-жақты айтылды.
Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған ауданда спорт саласына барынша жоғары деңгейде көңіл бөлініп келеді. Мерекелік кездесуде аудан әкімінің орынбасары Гүлнұр Сүйеуова құттықтады. Салаға қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті.
- Үстіміздегі жылы Есбол, Өрлік ауылдарында жаңа спорт кешендері салынып, пайдалануға берілсе, Жарсуат ауылында заманауи үлгіде спорт кешені бой көтеруде. Мұндай оң бастама Көктоғай ауылында да жүзеге асырылады деп күтілуде. Спортқа қолдаулар алға қарай да өз жалғасын таба беретін болады,- деген аудан әкімінің орынбасары Гүлнұр Жалғасқызы аудан мерейін асқақтатып жүрген бір топ спортшыларға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Шарада аудандық жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің директоры Мәлік Биғамбаев, Президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасының чемпионы Сағат Азанов сөйлеп құттықтап, спортшыларға үнемі қолдау көрсетіп, бұқаралық спортты дамытуға жан-жақты назар аударып отырған аудан басшылығына өз алғыстарын жеткізді.
С.ЕРСАЙЫНҰЛЫ