Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионаты Еуропадағы іріктеу кезеңінің жеребесі кеше Швейцарияның Цюрих қаласында тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан D тобына түсті. Қарсыластары - Франция, Украина, Финляндия және Босния және Герцоговина құрамалары.
Айта кетейік, жеребе нәтижесінде еуропалық құрамалар он топқа бөлінді. 2021 жылғы Ұлттар лигасының финалдық сатысында бақ сынаған құрамалар ойын көрсететін топтарда бес, қалғанында алты құрамадан бақ сынайды. Он жеңімпаз әлем чемпионатына финалдық кезеңіне тікелей жолдама алса, екінші орын алғандар және Ұлттар лигасында үздік шыққан екі құрама плей-офф сатысында ойнайды. Плей-офф сатысында үш топтан жеңімпаз болғаны дүбірлі додаға жолдама алады.
Еуропа құрлығындағы іріктеу кезеңі 2021жылдың наурызы мен 2022 жылдың наурызы аралығында болады. Жарыстың финалдық сатысы 2022 жылдың 21 қарашасы мен 18 желтоқсан аралығында өткізіледі.
Әлем чемпионаты іріктеу кезеңі Оңтүстік Америка, Африка, Азия құрлықтарында өтіп жатыр. Алдағы жылы ол Солтүстік Америка құрлығында басталады.
inform.kz