КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері Петр Матушактың еркін күрес әлемінде аты мәшһүр. Жақында оны еске алуға арналған кезекті жарыс өтті.
Әйгілі бапкердің қол астында Олимпиада чемпионы Анатолий Колесов және қазақ еркін күрес әлеміндегі А.Ғабсатаров, Ә.Айханов, А.Бұғыбаев сынды атақты палуандар тәлім алған. Бапкерді еске алуға орай ұйымдастырылған жарыста талай шеберлер өнер көрсетеді. Жақында Қостанай қаласында өткен дәстүрлі турнирде жерлесіміз, ауданның Құрметті азаматы Молдабай Берғалиевтың немересі Дархан Молдабаев 75 келіде қола жүлдені жеңіп алды.
- Дархан шәкіртімМахамбет атындағы орта мектептің 4 сыныптан бастап қол астымда жаттықты. Қазір Ақтөбе қаласында Есет батыр атындағы дарынды балаларға арналған спорт интернатында шеберлігін шыңдауда. Шәкіртім әлі талайдан озады, - дейді аудандық балалар спорт мектебінің жарсуаттық бапкері Дархан Ізмұханов.
Саламат БАЗАРБАЕВ
Индер ауданы