Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан, «Қызыл жұлдыз» орденді Абат Далабаев атында еркін күрестен дәстүрлі жарыс аудан орталығында өтті.
Бұл күні аудан және облыстық Ауған соғысының ардагерлері бастаған топ Абат Далабаевтың мәңгілік мекені Бөдене ауылындағы зиратына дұға оқып, тағзым етті.
Дәстүрлі жарыс Қазақ елінің Гимні шырқалып, Туы көкке көтерілуімен басталды. Аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жарыстың ашылуымен құттықтап, қонақтарға қош келдіңіздер айтса, аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Самат Әйтімов пен Атырау қаласынан келген ауғандық жауынгер Әлішер Кулов жас палуандарға сәттілік тіледі.
Жауынгер жүлдесінде Атырау қаласы мен көршілес Мақат, Құрманғазы аудандарынан және ауыл-аймақтағы ауданның палуандары күш сынасты. Спорт кешенінің қос боз кілемде өтіп жатқан палуандардың белдесулері тартысқа толы өтті. Кілем сыртында бапкерлер де шәкірті үшін жаны шығып, қажетті ақыл-кеңестерін айтудан тынбай жатты.
Толығырақ газетіміздің 14 ақпандағы санынан оқи аласыздар