Баскетболдан жарыс өтті

Тәуелсіздіктің  30 жылдығына және алғашқы директордың құрметіне арналған Баскетболдан жасөспірімдер арасындағы аудандық жарыс спорт кешенінде аяқталды.

Аудандағы ең үлкен білім ордалардың бірі - М.Әуезов атындағы орта мектептің 60 жылдығы құрметіне бұған дейін түрлі шаралар легі ұйымдастырылып келеді.

Осы жолы мектептің алғашқы директоры, ІІ дүниежүзілік соғыстың ардагері Сейілхан Габдуллиннің 100 жылдығына арналды. Миллиондарды жалмаған жаһан соғысында ардагердің ерен ерліктері мен бастан кешкен ауыр тағдыры туралы баспасөз беттерінен куәсіздер.

Әрі «Қилы тағдыр» атты кітап пен арнайы деректі фильм жарыққа шықты.

- Отан қорғау жолында аталарымыздың жанқиярлық ерліктері арада қанша {jcomments on} өтсе де ұмытылмастай тарихта жазылды. Жаумен жанын қия айқасқан батыр аталарымыздың ерліктерін бүгінгі жас ұрпақ біліп өсуі керек, - деді жарыстың ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева.

Ардагердің ұрпақтары атынан Марат Габдуллин сөйлеп, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар аталмыш мектеп директоры Роза Дәулетова Ақтау қаласында тұратын ардагердің ұлы Қажымұрат Сейілханұлының ыстық сәлемін жеткізді.

Әрі директор жарыстың қомақты жүлде қорын атап өтті. Бас жүлдеге 100 мың теңгені мектептің түлегі жеке кәсіпкер Арман Жұмашев демеушілікпен тарту етіпті. Жекелей сындар бәсекесіне Нұрлан Смайлов, Асхат Қонас бастаған ауданның бір топ баскетболшы ардагелері арнайы байрақтарын тігіпті.

Сайыс алаңында М.Әуезов, Қ.Абаханов, Махамбет, М.Сиранов, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің командалары екі топқа бөлініп сынға түсті. Ойыншылар жүйелі комбинациялар арқылы шабуылды үдетіп, баскетбол себетіне талай доптарды топ ете түсіріп жатты.

-«Атырау барыстары» клубының резервіне жергілікті жастарға мән беріліп, аудан көлемінде мектеп лигасының жарыстары өтуде. Бұл өз кезегінде балалардың баскетбол ойынының шеберліктерін шыңдай түсуіне әсері зор. Әрі мектеп жанынан да баскетбол үйірмелері де жұмыс істейді, - дейді осы жарыстың бас төрешісі Тұрлан Какишевты сөзге тартқанымызда.

- Ауыл мектебінің шағын спорт залында жаттыққан біздің шәкірттер аудан спорт кешенінің мұндай кең залына келгенде тосырқап қалатынын жасыра алмаймыз. Бірақ мүмкіндігіне қарай осында әкеліп жаттықтырып, тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауға ұмтыламыз. Бүгінде спорт кешендері ауылдық округтерде де салынып, жастардың спортпен айналысуына жағдай туғызылуда. Елтай ауылына да тезірек спорт кешені салынса деген тілегіміз бар, - дейді М.Сиранов атындағы орта мектептің командасын бастап әкелген бапкері, мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі Қадірбек Ділмағанбетов.

Жарыстың нәтижесінде бас жүлдені М.Әуезов атындағы орта мектептің 1-ші командасы жеңіп алды. Күміс жүлдені осы мектептің 2-ші командасы және қола жүлдені Ш.Уәлиханов пен М.Сиранов атындағы орта мектептің командалары иеленді.

Жекелей бәсекелер сынында айып добын орындаудан Фархат Оспанов (М.Әуезов о/м-1) озып шықса, допты үш ұпайлық жолақтан лақтыру бойынша Берекет Бекетов (Ш.Уәлиханов о/м) үздік нәтиже көрсетті.

Ал үздік ойыншы болып Нұрхан Асқаров (М.Сиранов) пен Ербол Жасұлан (Ш.Уәлиханов) атанды.

Сайыс соңын аталмыш мектеп директоры Роза Дәулетова мен аудандық балалар спорт мектебінің директоры Мәлік Биғамбаев қорытындылап, жүлдегерлердің қомақты байрақтарын, кубок пен медальдарын табыс етті.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521