Аламан бәйге мәресіне жетті

 Жеңіс күніне орай Индербор кенті маңындағы бәйгетөбе алаңында дәстүрлі аламан бәйге мәресіне жетті. Күшті жел тұрып, күн райының қолайсыздығына қарамастан аламан бәйгені қызықтауға алыс-жақыннан халық көп жиналды. Төреші белгі берісімен шабандоздар қиқуға басып шаба жөнелді. Аламан бәйгеде өңшең аузымен құс тістеген қылқұйрықтар 7 айналым, барлығы 24 шақырымды шапты. Мәреге көршілес Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылынан келген Мұратбек Мұхамедиевтің "Ардакөк" атты тұлпары бәрінен оқ бойы озып келді.

—Сөреден шыққан сәттен алдыңғы лектегі шабандоздардың қатарынан шауып отырдым. Ақырғы айналымда ғана тұлпарымның басын еркіне жібердім, —жеңімпаз шабандоз бала Нариман Ершат.

Аламан бәйгенің жеңімпазына аудан әкімі Дарын Шамұратов 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Тай жарысының да бәйгесі көршілес Батыс Қазақстан облысына кетті. Ескіесім ауылының атбегісі Сырым Санатовтың "Самолет" атты тайы мәреге бірінші келді. Атан жарысынан Өрліктегі "Нүрет" шаруа қожалығының атан бегі Жанболат Ерекешовтың "Қараатаны" озып келді.

— Аламан бәйгенің ұйымдастырылу дәрежесіне мін жоқ. Бәйге аттары да жақсы бапта келгені көрініп тұр. Атан жарысындағы ойсылқара тұқымы 6 шақырым бәйгені еркін бағындырып, жарыс көрігін қыздырды, —дейді жарыстың бас төрешісі Ғилымғали Зайдекенов.

Бәйгетөбе басында басқа да спорт сайыстары қызықты да тартысты өтті.

—Бала күнімізде негізгі ойын түріне айналған спорт әрі есепке жүйріктікке баулитын ләңгі ойыны еді. Балалық шақтағы шеберлігім аз да болса қалған екен. Бүгін бағым шауып жеңіс бұйырды, —дейді ләңгі тебудің жеңімпазы Самиғолла Піштібаев.

Сонымен қатар қазақ күресінен Фархат Серіков, гир көтеруден Мақсұм Жұмашев, қол күресінен Айбек Ерғалиев жеңімпаз танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің бәрі де қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды.

С.Сансызбайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT