Ақ олимпиадаға алыстағы Индер жанкүйер!

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында бастауыналған Қысқы Олимпиаданың құрметіне және Қазақ спортшыларын қолдау мақсатында  ауданда  шаңғы спортынан жарыс өтті.

Жайық мұзының үстінде өткен бәсекеге аудандағы барша мектептің командаларынан 150-ге тарта оқушы шаңғыларын сайлап, жақсы дайындықпен келіпті. Алдымен баршасы Қазақ Елінің Мемлекеттік Гимнін сап түзеп, бірге шырқады. Жарысқа қатысушыларды  аудан әкімі Серік Арыстан құттықтаған соң, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері Асқар Бәкенов жүрекжарды тілегін арнап, өздері де аяқтарына шаңғы байлап, жарыс алаңына шықты.

Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Бисенбаевтың белгі беруінен  бастап сап түзеген шаңғышылар сөреден кезең-кезеңімен жіберіліп, уақыты есептелді. Қыстың керемет шыңылтыр аязы мен  таза ауасында сайыскерлердің жеңіске жігері, көрермендердің ыстық ықыласы толып,  қызықты бәсекелер жалғасып жатты. Сонымен, мәреге Махамбет атындағы орта мектептің ұлдар мен қыздар командалары алғаш боп жетіп, жеңімпаз танылды. Қалған жүлделі орындарды  ұлдардан шығармашылық орталық пен Жамбыл, қыздардан Жамбыл мен «Көктем» қазақ орта мектептері командалары өзара бөлісті.

Қатысушылар мен көрермендерге ыстық шай ұйымдастырылған сайыс соңын аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қорытындылап, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы  байрақтар табыстады.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT