Аптаның бейсенбісінде аудан әкімі Серік Арыстан тұрғындар алдында өткен жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы есебін берді.
Жаңа мәдениет үйінде өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев пен облыстық мәслихат хатшысы Өмірзақ Зинуллин және облыстық басқарма, аудандық бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, округ әкімдері, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Алдымен облыс басшысының орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы бастаған топ мүшелері мәдениет үйінің фойесіндегі «ИсиГипсИндер», «ПромСтройЦентрСервис», «Тұз», «Ахмадияр» ЖШС-інің және жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелерінің өнімдерімен танысып, алдағы жоспарларын сұрады. Одан әрі аудандық оқушылар шығармашылығы орталығының қолөнер бұйымдары мен ғылыми-техникалық бағыттағы көрмелерін, Махамбет атындағы орта мектептің түлегі Барыс Мағзомовтың күмістен соғылған сақиналары мен ағаш бұйымдарынан жасалған дүниелерін тамашалады.
Аудан әкімінің есепті баяндамасында аудан өткен жылды қалай қорытындылады? Әлеуметтік-экономикалық салада қандай жетістіктер орын алды? Рухани кемелдену үдерісі қалай жүріп жатыр? Міне, осы тектес сан түрлі сауалдарға нақты жауаптар қайтарылды. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы аудан әкімі есебінен біраз істердің атқарылғанын байқағанына тоқтала келе, облыс бойынша маңызды жұмыстарға шолу жасады. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы негізгі он міндетіне тоқталды.
Бұдан кейін Есбол ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеғұл Жалғасбаев ауданнан кейін 5 мыңның үстінде халқы бар ауылдың көп жылдардан бері арманы жол мәселесі екендігін, сол өз уақытынан кешікпей жүзеге асырылуын халық күтіп отырғанын, денсаулық саласының ардагері Шолпан Мұхамедиярова Индер тұзды көлінің емдік қасиетіне тоқталып, сауықтыру-емдеу кешені іске қосылуын қалайтынын жеткізді. Ал кент тұрғыны Қуат Сейдахметов тұрғындардың қоқыс алаңын дұрыс пайдаланбайтынын, еңбекті дұрыс бағалауды айтып, аудан әкімінің бір жылдық жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Жастар атынан сөз алған Баубек Бакишев Елбасының жастарға артқан сенімін ақтап, қазақ елінің Мәңгілік Елге айналуы үшін Отанымызға қызмет етеміз деп сендірді. Ал ардагер-ұстаз Ғайни Габдуллина бірнеше сұрақтар қойды. Негізінен аудандағы жол, балалардың демалысы орны, қазақ қыздарының тәрбиесі мен ер азаматтардың рухын көтеру керектігін айтты.
Тұрғындарды толғандырған сауалдарға тиісті жауаптар берді.
Осылайша, аудан әкімінің есеп беру жиыны тұрғындар тарапынан оң бағаланды. Сонымен қатар жиыннан соң облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Диас АҒЫСҰЛЫ.