Өзгеріс енген Кодекс қандай жеңілдіктерді көздейді?

Елімізде биылғы 1 қаңтардан  бастап салық кодексіне бірқатар өзгерістер енген болатын. Осы орайда Атырау қаласы бо-йынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысының орынбасары Ә.Ғалимов бастаған салалық департаменттің мамандары ауданда болып, кәсіпкерлер мен бухгалтерлер және басқа да салық төлеушілермен кездесті.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев ашқан соң сөз алған сала басшысының орынбасары Әтиғолла Ғалимов жаңа заңдылық бойынша мемлекеттік кірістер органдары тарапынан салық төлеушілерді бақылау жұмыстары біршама азайтылғанын атап өтті.

-Әсіресе, бұл тәуекелі төмен салық төлеушілерге қатысты болмақ. Салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерімен орындауына бағытталған шаралар легі қабылданды. Ондағы басты мақсат - адал салық төлеушілердің мүдделерін қорғау,- деді ол.

Жалпы баяндамашының сөзінен ұққанымыз, жаңа салық кодексі салық төлеушілерді қорғау мен экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға бағытталып отыр. Әрі өз кезегінде азаматтардың салықты өз еркімен төлеуге ынталандырмақ. Соған сай  тәуекелдерді басқару жүйесіне өзгеріс енгізіліп, салық төлеуші­лердің әртүрлі санаттарына  түрлі тәсілдер қол­данылады. Мысалы, «Жасыл топ» аталатын бірінші санатқа тәуекел дәрежесі төмен салық төлеушілер жатады. Яғни тиісті салығын мерзімінде тапсырғандарға тексеру жүргізілмейді.  Тәуекел дәрежесі орташа топқа әкім­ші­лендірудің орташа тетіктері қолданылады, хабарлама жіберіледі, орындалмаған жағ­дайда салық бақылауы шаралары жүзеге асырылады. «Қызыл аймаққа» тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілер жатады. Оларға ерекше назар аударылады және салық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған жағдайда кіріс органдары жедел әрекет ететін болады.

Сонымен қатар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің  өндірістік емес төлемдер  бөлімінің басшысы Гүлжан Кабдрахманова,  камералдық бақылау бөлімінің басшысы Самал Қадыржанова, заң басқармасының бас маманы Сәния Қалиева да өз салалары бойынша толықтырып өтті.

Айталық, жеке тұлғалардың мүліктік табысы және жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің төртінші деңгейі енгізілуіне сәйкес салық төлеушілердің міндеттемелері енгізілген. Мысалы, халық саны 2 мың адамнан асатын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде биылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілген.  Яғни,  жеке кәсіпкерлердің, заңды және жеке тұлғалардың төлейтін салықтары  орналасқан жерлеріне сәйкес  округ әкімдіктеріне төленеді. Осыған байланысты, әр  округ әкімдіктеріне арнайы ауылдық округінің коды бекітілген. Аталмыш салықтарды төлеу барысында төлем түбіртегіне ауылдық округі коды міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар міндетті түрде салық төлеушінің немесе салық салу объектісінің орналасқан жеріне сәйкес  округ әкімдігінің бизнес сәйкестендіру нөмірі  белгіленуі керек.

Салықтарды төлеу кезінде түбіртекті толтырғанда округ кодтары  дұрыс көрсетілмесе оларды кейін қайтару мәселесі де бір бөлек жұмыс екен.

Патент негізіндегі арнаулы салық режим қолданыстағы шектеулері, оның ішінде қызметкерлердің еңбегін пайдаланбау және салық кезеңіндегі шекті табысы мөлшерінен аспау сақталған. Патент негізіндегі АСР-де әлеуметтік салық жойылған. Сонымен бірге, барлық салық төлеушілер үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі  2%-дан 1%-ға төмендетілген. Сауда саласында қызметін жүзеге асыратын тұлғалар үшін 2% мөлшері сақталған. Сондай-ақ мамандар  тағы басқа да өзгерістер бойынша  айтып, қатысушыларды толғандырған сұрақтарға толымды жауап берді.

Сауалдардың ішінде   көп қойылғанның бірі – алкоголь лицензиясының сомасы мен мерзіміне байланысты  болды.  Бұған жауап берген аудандық басқарманың басшысы Әлім Қонысов  жаңа салық кодексінде алкоголь өнімдерімен айналысатын кәсіпкерлерге де бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын талдап өтті және кодексте кәсіпкер ретінде тіркелудің оңайлатылғанын және  тағы басқа жеңілдіктер  бойынша айта келе, жиынды қорытындылады.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT