banner_damu

«ТОРНАДО» ОПЕРАЦИЯСЫ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕСІРТКІ ТІЗБЕГІН ҚАЛАЙ ЖОЙДЫ?

Апиын көкнәрін өндіру бойынша Ауғанстанның әлем елдері арасындағы «көшбасшылығы» талассыз, әрі героин атаулының «отаны» екендігі де әмбеге аян. Бірақ бұл елдегі синтетикалық есірткі өндірісінің шынайы көлемі миға сыймайды. Мысалы, «дизайнерлік» есірткілерге деген сұраныстың артып келе жатқандығын дер кезінде аңғара алған ауғандық есірткі зертханаларының бірқатары соларды дайындауға тез төселіп үлгерді. Бір метамфетаминнің өзін шығаруға ғана екі мыңға жуық шағын фабрикалар жұмылдырылған. Есірткі контрабандасы мен оны сатудан түсетін кірістің халықаралық лаңкестік ұйымдарды қаржыландыруға жұмсалатындығы да құпия емес. Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік аймақта орналасуы синтетикалық есірткілердің ел аумағында қолданылу қаупін күшейте түсуде. Ең қорқыныштысы – «синтетика» ересектер мен жастар үшін қолжетімді затқа айналып, қылмыскерлер бұл тажалды ғаламтор арқылы сатудың схемасын ретке келтіріп те қойған. Ол арзан, сондықтан да жастарды өзіне жылдам тәуелді етіп алады. Ауған жақтан ескен есірткі тасымалының ықтимал ауқымы мен қаупін қалт жібермеген Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Торнадо» операциясын ұйымдастырып, шеберлікпен жүзеге асырып шықты. Жедел қызметкерлердің назарына халықаралық террорлық ұйымдардың бірінің бақылауындағы өте ірі трансұлттық есірткі құрылымы ілініп, жете тексеруге алынып, ауқымы кең іс-шаралар атқару туралы шешім қабылданды. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде халықаралық есірткі синдикатының Қазақстандағы және Еуропа мен Азияның бірқатар елдеріндегі тармақтары анықталып, оған қатысушылардың рөлдері мен міндеттері, байланыс арналары, тасымал бағыттары мен жасыру тәсілдері айқындалды. Мұқият ойластырылған күрделі жүрісті комбинациялар бұл есірткі құрылымына ҰҚК-нің жедел қызметкерін енгізуге мүмкіндік беріп, ол өз кезегінде қылмыскердің рөлін шебер сомдай отырып, қарсыластардың ортасына мықтап орнығып алды. Қазір бұл голливуд фильмінің желісі сияқты болып көрінеді. Қатысушылардың қандай тәуекелге бас тіккендері өздеріне ғана аян. Сол кезеңде әлемдік эпидемиологиялық ахуалға байланысты мемлекеттік шекаралар жабылған еді. Бұл жедел қызметкерлер үшін «іздегенге сұраған» болды, өйткені ауғандық есірткі топтарының жандайшаптары есірткі өткізудің тұрақты арналарын табуға мұқтаж болғандықтан жедел қызметкер бұл құрылымға еш қиындықсыз еніп кете алды. Міне, оған Ауғанстаннан Қазақстанға, Италияға және Қытайға ірі көлемдегі контрабандалық есірткі тасымалын жүзеге асыру да тапсырылды. «Достық көпірі» «Торнадо» операциясы өзінің белсенді фазасына жақындады. Соның қарсаңында құрамына нағыз сенімді әрі тәжірибелі қызметкерлер іріктелген жедел топ жасақталған болатын. Шетелдік серіктестермен өзара іс-қимылды алдын ала келісе отырып, топ есірткі трафигі дайындалып жатқан жерге аттанып кетті. Операцияға қатысушылардың естеліктерінен: «Біз есірткі қылмысының эпицентрі – Ауғанстанға төрт адам болып аттандық. Өзбек-ауған шекарасынан осыдан 30 жыл бұрын Кеңес әскерлері Ауғанстанды тастап шыққан әйгілі «Достық көпірі» арқылы өттік. Ауған шекарашылары өзбек әріптестеріне мүлдем ұқсамайды. Бірыңғай әскери киім, заманауи байланыс құралдары атымен жоқ. Ұсқындары әскерилерге қарағанда содыр-моджахедтерге көбірек келіңкірейді. Калашников автоматтарын немқұрайлы, бірақ сенімді ұстаған. Олардың қасында «Мазерати» спорттық көлігіне мініп жанына екі оққағар ерткен шекара бекетінің бастығы алабөтен көрінеді. Топты Ауғанстан ІІМ қызметкерлері күтіп алып, күштік құрылымдарының күзетімен Мазари-Шариф қаласына бет алды. Күзетшілер әрдайым сақ, кез келген төтенше жағдай мен лаңкестік шабуылға сақадай-сай, дайын еді. Иә, ірі елді мекендер ауған үкіметінің басқаруында болғанымен қалааралық жолдар тәліптердің бақылауында еді, сондықтан да жолдағы қауіпсіздікке ешқандай кепілдік жоқ болатын. «Жол жиегінде оқтармен шұрық-шұрық тесілген, алдыңғы орындақтары мен әйнектеріне қан дақтары шашыраған машиналар кездесе бастады. Бұл қобалжытарлық көріністер еді. Бұл минуттарда мен барлауға бірге баруға болатын сенімді жауынгер дос туралы сөздердің мағынасын терең түсіне бастадым. Бірақ, кез келген уақытта шабуылға ұшырау қаупіне қарамастан біз бір секундқа да өзіміз қабылдаған шешім үшін өкінбедік». Қылмыстық топқа енгізілген жедел қызметкерге есірткіні тапсыру тәліптер бақылауындағы аумақта жүзеге асырылуы тиіс екендігін Ауғанстан Ислам Республикасы ІІМ басшылығы білген кезде «Торнадо» операциясы тоқтап қалуға шақ қалды. Әйтсе де, Қазақстан жағының операцияны жарты жолдан тоқтата салуы мүмкін емес еді, өйткені оны дайындауға және өткізуге өте үлкен күш пен уақыт жұмсалған болатын. Қаншалықты қиынға түссе де, топ іс-қимылды әрі қарай жалғастыруға АИР ІІМ қызметкерлерінің көзін жеткізді. «Біз моджахедтермен ауған полицейлерінің қатысуынсыз, өз бетімізбен кездесуге бел байладық. Алайда, арнайы жасақ жауынгерлері азаматтық киім киіп, «аңызға» сәйкес бізбен бірге жол көрсетушілер ретінде аттанды», – дейді жедел топтың басшысы. Кездесу орны ретінде Балх провинциясының елді мекендерден шалғай бір таулы аумағы белгіленді. Жол-жөнекей атыс дауысы естілді. Жақын маңдағы полиция учаскесіне шабуыл жасалыпты. Кейінірек, бұл құқық қорғау органдарының назарын басқа жаққа аудару мақсатында жасалған есірткі синдикатының қылмыстық жоспарының бір бөлігі екендігі анықталды. Кешке таман пикаптарға мінген бірнеше ауғандық келді. Олар қаруларын жасыруға тырысқан да жоқ. Енгізілген жедел қызметкерге деген сенімсіздіктері де байқалып тұрды. Жасырын сөзді тағы бір қайталатқаннан кейін Еуропа елдері мен Қытайға контрабандалауға арналған есірткі заттары - 115 кг метамфетамин және 56 кг героин толтырылған 7 қапты қолдан-қолға тапсырды. Жүкті қабылдап алушыларға тапсыру шарты кейінірек, «куратор» арқылы хабарланатын болып келісілді. Арнайы операцияға негізгі қатысушылардың бірі кейінірек: «Ауғандық есірткі саудалаушылармен болған осы бір қысқа кездесу менің бүкіл қызметімдегі ең шиеленісті сәттердің бірі болып қалды», – деп ағынан жарылды. Ендігі жол кері қарай: Мазари-Шариф қаласына бару, одан әрі шекаралық қала Хайратон, осының барлығын артқа тастаған топ «Достық көпірі» арқылы жаяулатып Өзбекстанға қарай өтіп бара жатты. «Жаяу жүрген әр метр жүйкемізге ауыр салмақ түсірді. Өзбек арнаулы қызмет өкілдері бізді Қазақстанға шығарып салды. Олармен өзара қарым-қатынасымыз әрқашанда биік деңгейде болатын», – деп естеріне алады жедел қызметкерлер. «Торнадо» операциясының бірінші кезеңі осылай аяқталды. Арнайы операцияның екінші кезеңіне дайындық Жүктің аман-есен келіп жеткендігіне көз жеткізген есірткі синдикатының Қазақстандағы тармағының басшысы 26 кг героинды Италияға, 45 кг метамфетаминді Қытайға жөнелту туралы тапсырма берді. Синтетикалық есірткінің қалған бөлігі оның Қазақстандағы сыбайластарына берілуі тиіс болатын. Жұмыс ауқымы ұлғая түсті. Сондықтан да жедел топ кеңейтіліп, 3 шағын топқа бөлінді. Енді олардың алдында тұрған міндет те күрделі еді, ол – қылмыскерлерді Қазақстанда, Қытайда және Италияда бір мезгілде қолға түсіруді дайындау және жүзеге асыру болатын. Аталмыш мемлекеттердегі заңнамалардың әркелкілігі бірлескен іс-шаралар үдерісін бірталай уақытқа созды. Дегенмен, ауған трафигінің әлемге қауіп төндіретіндігін әріптестердің барлығы жете түсінгендіктен Комитеттің бастамасы олардың тарапынан қолдау тапты. Бірлескен арнайы операцияларды жүргізу бойынша жұмыстар басталып, іс-шаралар негізгі үш бағытта өрбіді. Қытайлық және италияндық әріптестерге бағыт-бағдар ҰҚК тарапынан беріліп отырды. Италиядағы операция Есірткіні Италияға дейін бақылап жеткізу Мәскеу арқылы, Ресейдің Федеральдық қауіпсіздік қызметімен бірлесе жүзеге асырылды. Римге келе сала, енгізілген жедел қызметкер ауғандық ұйымдастырушымен хабарласуы тиіс болатын. «Телефон қоңырауын күтіп отырған кезде біз итальяндық әріптестермен бірге есірткіні соған ұқсас затпен алмастырып тастадық. Бұл есірткінің сақталуына алаңдаған итальяндық тараптың өтініші бойынша жасалды. Бірнеше күннен кейін ағылшын тілін едәуір меңгерген есірткі қабылдаушы телефон шалды. Ол бізді Ауғанстан мен Пәкістаннан келгендер тығыз қоныстанған «гетто» ауданына шақырды», – дейді операцияға қатысушы. Бұның барлығы арнайы операцияның барысына жедел бақылау жүргізу мен оның күш қолдану сатысын өткізуді өте қиындататын еді. Әйтсе де, жедел қызметкер есірткі қабылдаушыны қылмыстық мәміленің орнын өзгертуге көндіре алды. Нәтижесінде, кездесу «Термини» метро стансасына қарама-қарсы орналасқан «Макдональдс» мейрамханасының жанында өткізілетін болды. «Мәміле» барысын синдикаттың итальяндық тармағының өкілдерін тұтқындау үшін Есірткілермен күрес бойынша орталық басқарманың бас директоры генерал-лейтенант Антонио Маггиоре және Рим қаласының прокуроры Лучиа Лотти құрған жауынгерлік топ қалт жібермей қадағалап отырды. Белгіленген уақытта келісілген жерге пәкістандық екі ер адам келді. Кездесуге қатысушылар бір-біріне екіге жыртылған 100 долларлық купюраның өздерімен ала келген бөліктерін көрсетті. «Өз адамдары» екендігіне көз жеткізудің сан рет сыннан өткен ескі әдісі жағдайды аздап жаймашуақ күйге түсіргендей болды. Барлығы да алдын ала ойластырылған сценарий бойынша өтіп жатты. Енгізілген ҰҚК қызметкері аз-кем сұхбаттасқаннан кейін такси тоқтатты. Бұл да дайындалып қойған автокөлік болатын. Есірткі қабылдаушылармен бірге барлығы қоймалар жаққа беттеді. Осы жерде күтпеген жағдай орын алды. Жасырын қойманы қарап шығып, қылмыстық топтың мүшелері түйіншектің бірін ашуға, есірткінің сапасын тексеруге ниет білдірді. Айтпаса да түсінікті, егер қылмыскерлер есірткінің ауыстырылғанын сезе қалса тек Италияда ғана емес, барлық бағытта операцияның күл-талқаны шығар еді. Сәтін салғанда, жедел қызметкер тілге шорқақтығына қарамастан есірткіні қабылдап алушыларды «тауарды» тексермей-ақ алуға көндірді. Есірткі акциясы сәтті аяқталды. Дәлме-дәл пысықталған жұмыс итальяндық серіктестерге үлкен әсер қалдырды. Қазақстандық жедел қызметкерлерді елге қарай шығарып салып тұрып генерал-лейтенант Антонио Маггиоре ҰҚК-мен бірлесіп өткізілген операцияның тарихи маңызына тоқталып, бұдан былай да бірлескен іс-шараларға дайын екендігін жеткізді. Қытайдағы операция Италиядағы операциямен бір мезгілде Қытайдағы есірткі тарату арнасын да жою қажет болған еді. Алайда коронавирус індетінің өршуі салдарынан Қытаймен арадағы мемлекеттік шекараның жабылуы екінші жедел топтың жұмысына едәуір өзгерістер енгізді. Жаңаша қалыптасқан жағдайда қытайлық әріптестермен өзара іс-қимылды бейнеконференцбайланыс форматында жүзеге асыруға тура келді. Итальяндық сценарийден өзгешелігі – жедел қызметкерлер объектілермен тікелей байланысқа түсе алмайтын еді. Есірткі бизнесімен күресте тісқаққан жедел қызметкерлер объектілердің бейвербалды іс-қимыл көріністерін зерделеудің маңызын білгендіктен бұл міндеттің қаншалықты күрделі екендігін түсінеді. Бақылаудағы жүк қытайлық әріптестерге қазақстандық өткізу пунктінде табысталып, ҰҚК қызметкерлерінің өздері Қазақстан Республикасында қалды. Одан әрі Хайнань түбегіне жеткізілген кезде есірткі арнасын ұйымдастырушылар жүкті контактісіз әдіспен қабылдап алғысы келетіндіктерін айтты. Алынуға тиіс заттарды теңіз портының қоймалық ғимараттарының бірінде қалдырып, алушыларға оның координаттарын хабарлаған қытайлық арнаулы қызмет өкілдері қойманы екі күн бойы кірпік қақпай қадағалады. Үшінші күн дегенде қоймаға жүк көлігімен екі ер адам келді-ау, әйтеуір. Бөшкелердің ішіндегі заттарды тексеріп, машинаға тиеп алып, қоймадан шыға бергенде олар арнайы жасақтың қолдарына түсті. Бұдан әрі қарай – үйреншікті жұмыс. Қытайлық әріптестердің дер кезінде атқарған іс-шараларының арқасында халықаралық есірткі тобының серкесі мен 10 мүшесі қолға түсті. Синдикат Малайзияға, Филиппинге және Австралияға есірткі контрабандасын тасымалдауды жолға қойған екен және қытайлық арнаулы қызмет оларды екі жыл бойы зерделеп келіпті. Қазақстандағы операция Үшінші жедел топ халықаралық қылмыстық синдикаттың қазақстандағы тармағының соңына түскен болатын. Ауған есірткі қоғамдастығын ұйымдастырушылардың қойған шарттары бойынша есірткінің Қазақстанға арналған бөлігін ел астанасындағы олардың сыбайласы алуы тиіс еді. Байланыс құралы ретінде ауғандықтар «Signal» мессенджерін пайдалануды ұсынды. Бірнеше күннен кейін «Джамал» логинді пайдаланушы байланысқа шығып есірткі заттарын Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы ашық жерде орналасқан жасырын орын арқылы беруді өтінді. Жедел қызметкерлер оның бұл шартын орындап, аумаққа онлайн-режимде бақылау орнатты. Аздаған уақыттан соң әлгіндегі «Джамал» өзі келіп, есірткі жүгін алып, өзінің тұрғылықты жеріне әкелді. Айтпай кетуге болмас, бұл жігіт құпиялық шарттарын қатаң сақтап, үйінің жан-жағын бейнекамералармен жабдықтап, аумаққа дабыл беру құралдарын мұқият орнатыпты. Кейінірек, есірткі құрылымының қазақстандық бөлігіне басшылық жасап, қылмыстық топқа енгізілген жедел қызметкерге «жетекшілік» жасаушы соның дәл өзі екендігі анықталды. Фигуранттың жеке басы туралы мәліметтер тез арада белгілі болды. Ол Сирияда қанды тәжірибе жинаған Ресей ҚМ Бас барлау басқармасының бұрынғы әскери қызметшісі Константин Ковалев болып шықты. Ковалев есірткі тасымалының мықтап жолға қойылған схемасымен әрекет жасап келіпті. Алынған тауар тұрмыстық құрылғыларда: қысқа толқынды пештерде, шәйнектерде, гироскутерлер, тіпті лактар мен бояулардың ішіне жасырылып, Қазақстанның әртүрлі өңірлеріне ешқандай қауіпсіз, емін-еркін тасымалданып келген екен. Ковалевті қолға түсіру ұзаққа созылған жоқ. Ол есірткі заттарын Қазақстанның облыс орталықтарына жібермек болған кезде, қылмыс үстінде ұсталды. Есірткі заттарының негізгі бөлігі оның үйінде сақталып келіпті. Тергеу кезінде, өзінің бақылауында болған сегіз бірдей өңірлік есірткі делдалдарын әшкерелеп беріп, олар Шымкент, Алматы, Көкшетау, Степногорск, Қостанай, Павлодар, Атырау және Қарағанды қалаларында, есірткіні қабылдап алу кезінде тұтқындалды. Есірткі тасымалынан бөлек, жедел қызметкерлер қылмыстық жолмен табылған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып келген заңсыз криптоайырбастау іс-әрекетін анықтап жолын кесті. Алты бірдей криптовалюта жасайтын жылжымалы «майнингтік фермалардың» іс-әрекеттері тоқтатылып, тауарды бөлшектеп сатып келген тағы да алты ірі интернет-дүкендері анықталып, бұғатталды. Ірі көлемді трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың жолын кесудегі «Торнадо» арнайы операциясының маңызына баға жетпейді. Ойланып көріңіз, есірткі синдикатының іс-әрекетін бақылап келген халықаралық террорлық ұйым 16 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қылмыстық қаржыдан қағылды! Арнайы операцияның мультипликативтік әсері тағы да ұзақ мерзім бойына сезіліп тұрды. Оның нәтижесі ретінде – Қазақстанда синтетикалық есірткі заттарын таратудың күрт төмендеуін мысалға келтіруге болады. Әрине, осындай ерлікке пара-пар іс есірткі тасымалының тізбегін үзу жолында өздерінің денсаулықтарын ғана емес, өмірлерін де тәуекелге тіккен ҰҚК жедел қызметкерлерінің ержүректік, жоғары кәсіби шеберліктері мен жанқиярлық еңбектерінің арқасында атқарылды. 

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Сұрақ Жауап

Вакцинаға көзқарасыңыз қалай?

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика