АСТАНА. KAZINFORM — Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
— Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн. Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент былтыр диқандарымыз мол астық жинағанын, бірақ бидай бағасы тым арзандап кеткенін еске салды.
— Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл — уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек. Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты, — деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды.
Мемлекет басшысы 2024 жылды еліміз оң көрсеткіштермен аяқтағанын айтты.