Қазақстан Республикасының Конституциясы адам құқықтарын мемлекеттің жоғарғы құндылығы деп таниды.
Қылмыстық кодекстің 44-бабында бас бостандығын шектеу жазасы жөнінде көрсетілген. Заңды белгіленген негіздерге сәйкес, егер сот бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған жағдайда, пробациялық бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады. Бас бостандығын шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда, Қылмыстық кодекстің 44-бабының 3-бөлігіне сәйкес, бас бостандығын шектеудің өтелмеген мерзімі дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылады. Мәселен, биылғы маусым айында Индер аудандық сотында пробациялық бақылау белгіленген С. есімді азаматтың жаза өтеу тәртібін бұзғаны туралы дерек қаралды. Махамбет аудандық сотының 2020 жылғы 27 тамыздағы үкімімен ҚҚнің 200-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартуға сотталған С. сот жүктеген міндеттерін орындамай, дұрыс жолға түспеген.
Атап айтқанда, сотталған С. жаза өтеу тәртібін бұзып, 2021 жылы 30 сәуірде, 15 мамырда өзінің мінез-құлқына есеп беруге келмеген, 2021 жылы 3 мамыр, 10 мамыр және 17 мамыр күндері кешкі сағат 22:00-ден кейін пәтерін пробация инспекторы тексеріп барғанда сотталған азамат үйінде болмай, ұялы телефоны сөндірулі болған. 2021 жылғы 27 мамыр күні түнгі уақытта оған пәтерінде айқай-шу шығарып, жеке тұлғалардың қалыпты демалысына кедергі келтіргені үшін ӘҚБтК-нің 437-бабының 1-бөлігімен 7 292,5 теңге айыппұл, бұдан басқа дәл осы күні үйінің қасында алкогольдік ішімдік ішкен, адамгершілік қасиетке нұқсан келтіретін күйде жүргені үшін ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігімен 7 292,5 теңге айыппұл салынған. Осы жоғарыда көрсетілген мінезқұлқына есеп бермегені, түнгі тексеріс кезінде үйінде болмағаны және әкімшілік жауапқа тартылғаны үшін түсініктеме алынып, пробация инспекторымен жазбаша түрде «ескерту» жарияланғаны анықталды. Бұл істегі жинақталған құжаттармен, сотталған С-ның, пробация қызметі өкілінің түсініктерімен толық дәлелін тапты. Іс материалдарынан және сот отырысында зерделенген мән-жайлардан сотталған С-ның сотпен белгіленген жаза өтеу тәртібін қасақана бұзғаны дәлелденді.
Сот қаулысымен ұсыным қанағаттандырылып, сотталған азаматтың бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігі нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Ендігі жазасын сотталған С. қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінде өтейді.
А.ҚҰСПАНОВ, аудандық сот судьясы