АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметте вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында ішкі нарықты қорғауға және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге арналған бірнеше шешім қабылданды.
Сыртқы сауданы реттеу және ішкі нарықты қорғау мәселесі бойынша бірнеше шешім қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметте вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында ішкі нарықты қорғауға және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге арналған бірнеше шешім қабылданды.
Сыртқы сауданы реттеу және ішкі нарықты қорғау мәселесі бойынша бірнеше шешім қабылданды
Фото: Үкімет
Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен ВАК Қазақстан аумағына ойын автоматтарын әкелуге рұқсат беру тәртібін алты ай мерзімге мақұлдады. Оларды тек ойын бизнесіне мемлекеттік лицензиясы бар ұйымдар ғана әкеле алады. Лицензия беру тетігі Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру шеңберінде енгізіледі.
Сондай-ақ ВАК-та 2023 жылғы 4 ақпаннан бері қолданылып келе жатқан күнбағыс тұқымын экспорттауға салынатын кедендік бажды (ЭКБ) одан әрі сақтаудың қаншалықты мақсатқа сай екендігі қаралды. Оның мөлшері 20%, бірақ бір тоннасына 100 еуродан кем емес сома. Баж қолданылған уақыт ішінде бюджетке 24,1 млрд теңге түскен. Ол ел бюджетіне құйылып, кейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия ретінде берілетіні белгілі. Сонымен қатар баж қолданылған үш жыл ішінде елімізде күнбағыс майын өндіру 2,5 есе, экспорт 4,8 есе өскен. Осылайша, Қазақстан алғаш рет күнбағыс майын экспорттаушылардың таңдаулы ондығына еніп, 8-орынды иеленді. ЭКБ-ны енгізу нәтижесінде ішкі нарықта күнбағыс майының бағасы тұрақтанды: бүгінде оның 1 литрінің орташа бағасы 843 теңге тұрады. Ал баж алымы енгізілген 2023 жылдың қаңтарында 900 теңгеден жоғары болған еді.
Әйтсе де, күнбағыс тұқымын өндірушілер егін жинау науқаны кезінде күнбағыс тұқымын сатып алу бағасы олар күткен деңгейден төмен болып тұрғанын айтып отыр. Талқылау қорытындысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне күнбағыс майының көтерме нарығына талдау жүргізіп, май өңдеу кәсіпорындарының сатып алу бағасын зерделеу тапсырылды. Кейін бұл мәселе комиссияның кезекті отырысында қайта қаралатын болады.
Жиында ВАК шешімімен Қазақстан аумағынан сұйытылған мұнай газын автомобиль және темір жол көлігімен әкетуге салынған тыйым алты айға ұзартылды. Бұл шара сұйытылған газды отын ретінде пайдаланатын автомобиль қатарының өсуін және оның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, ішкі сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ ЕАЭО елдеріне тасуды қоса алғанда, ірі қараның бұқашасын әкетуге салынған тыйым да алты айға ұзартылды және ұсақ мүйізді малдың 120 бас қошқарын әкетуге берілетін квотаның күші сақталды.
Айта кетейік, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстандағы Америкалық сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлихпен кездесті.
https://kaz.inform.kz/news/sirtki-saudani-retteu-zhane-shk-narikti-korgau-maseles-boyinsha-brneshe-sheshm-kabildandi-a61acb/