Су – тіршілік көзі. Ал, оның тазалығы адам денсаулығы үшін қашан да маңызды. Осы орайда Жайық өзенінде жаппай балықтардың қырылу оқиғасына байланысты тұтынушыларды судың сапасы алаңдатпай қоймайды. Бұл ретте облыста тексеру жұмыстары қалай жүргізілуде? Оның нәтижесі қандай?
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Айгүл Ысқақованың айтуынша, балықтардың қырылу жағдайынан кейін су сапасын анықтауда өткен жылдың желтоқсанынан бастап бүгінге дейін бірқатар жұмыс жасалды.
«Жедел түрде екі бригадалық топ құрылды. Жайық өзенінің суына Батыс Қазақстан облысының шекарасынан бастап Индер ауданы мен Атырау қаласы Дамбы елді мекені аралығында және ауыз су сынамаларына бактериологиялық және санитариялықхимиялық сараптама жасалуда. Желтоқсаннан шілдеге дейін Индер, Махамбет аудандары, Атырау қаласы бойынша өзен суына және су тазарту қондырғыларының ауыз суына апта сайынғы зертханалық бақылау жүргізілді» дейді А.Ысқақова.
Оның айтуынша, ауыз суды санитариялық-химиялық зерттеуге – 186, микробиологиялық тексеріске 198 сынама алынған. Оның ішінде органолептикалық көрсеткіш бойынша – 13, микробиологиялық көрсеткіш негізінде 2 сынаманың санитариялық қағидалар талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Осыған орай қажеттті шаралар толық жүргізілді. Нәтижесінде қазір ауыз судың сапасы санитариялық талаптарға сәйкестендірілді. Ал, ашық судан санитариялықхимиялық зерттеуге – 523, микробиологиялық зерттеуге 473 сынама алынды. Органолептикалық көрсеткішке – 78, микробиологиялық көрсеткішке 45 сынаманың санитариялық қағидалар талаптарына сай келмейтіні белгілі болды.
Ал, маусым айынан бері алынған су сынамалары санитариялық қағидалар талаптарына сәйкес. Сондықтан, қазір ауыз су сапасы мен ашық су қоймаларының тазалығына күмәнданып, алаңдауға еш негіз жоқ.
Мат. Ашық дереккөзден.