Сенат депутаттары бүгін қандай заң жобаларын талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Қазақстан азаматтарының Қатарда жұмысқа орналасуын жеңілдететін заңды қарап, ең төменгі жалақыны айқындауға арналған қолданыстағы тәсілдерді халықаралық деңгейде бекітуге мүмкіндік беретін құжатты талқыға салады.

Айта кетейік, 6 қазанда Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі бекітілді. Соған сәйкес, сенаторлар алдымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды.

Бұл заңды Мәжіліс осы жылдың 10 қыркүйегінде қабылдаған болатын. Сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова құжатта Қазақстан азаматтарының Қатардағы құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету ескерілгенін айтқан еді. 

    — Ол үшін мынадай айқын рәсімдер белгіленеді: іріктеу, қазақстандық азаматтарды жұмысқа қабылдау және олардың Қатарда жұмысқа орналасу кезіндегі құқықтарын айқындау. Келісімге қосымша ретінде қазақстандық азаматтарды Қатарда жұмысқа қабылдауға арналған үлгілік еңбек шарты бекітілген. Бұл еңбек шартының ережелеріне қандай да бір өзгерістер енгізуге Қатардағы жұмыс берушінің құқығы жоқ, — деді Светлана Жақыпова.

Үлгілік еңбек шартында жұмыс берушінің:

    тұрғын үй беру немесе тұруға жәрдемақы төлеу;
    жұмыс орнына дейін және кері қайту үшін тегін көлік ұсыну немесе көлік жәрдемақысын төлеу;
    Қатар заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсету;
    жыл сайынғы демалысты қоса алғанда, жұмысқа орналасу және еңбек шартының аяқталуы кезінде әуе көлігіне ақы төлеу бойынша жұмыскерді қамтамасыз ету міндеттері көзделген.

Қазіргі уақытта Қатарда 800-ден астам Қазақстан азаматы жұмыс істеп жүр. Олар негізінен мұнай-газ секторында, қызмет көрсету саласында еңбек етеді.

Сенаторлар талқылауына шығарылған келесі заң - «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы». Бұл заңды да Мәжіліс 10 қыркүйек күні қабылдаған болатын. 

Конвенция келесі қағидаттарды қамтиды:

    ең төменгі жалақы жүйесін енгізу;
    ең төменгі жалақы белгілеу және қайта қарау кезінде әлеуметтік әріптестік тарапының қатысуы;
    ең төменгі жалақыны анықтау кезінде экономикалық факторлар мен қызметкерлердің қажеттілігін есепке алу;
    еңбекақы төлеу саласындағы кемсітуге тыйым салу;

№ 131 конвенцияны ратификациялау:

    Қазақстанның ең төменгі жалақыны айқындайтын қолданыстағы тәсілін халықаралық деңгейде бекітуге;
    әлеуметтік диалогтің құқықтық базасын әсіресе, ең төменгі жалақыны белгілеуге тараптардың қатысуы бөлігінде нығайтуға;
    Халықаралық еңбек ұйымына мүшелік шеңберінде Қазақстанның халықаралық міндеттемесіне адалдығын растауға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Сенат отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды. 

Құжат аясында заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттер азаматтарының тұрғылықты жері бойынша тіркеу, арнайы, уақытша және тұрақты тұру мәртебесі жөніндегі ақпаратпен алмасуға мүмкіндік жасалады. Мұндай мәліметтер қос азаматтыққа қарсы күрес, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет. Сонымен қатар, құжатта ынтымақтастық жасау нысандары нақты белгіленеді. Келісім мүдделі жақтың жәрдем көрсету туралы сұрау салуының негізінде жүзеге асырылады, оны орындау уақыты 30 күн мерзімінен аспауы тиіс. Сұрау салу құжатында көрсетілетін мәліметтер тізбесі мен оны орындау тәртібі де нақты айқындалады. Мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін немесе заңнамасы мен халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін деп ұйғарылса, қатысушы мемлекеттер сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартуға құқылы.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Үкіметі мен Армения Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады. Келісім екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттердің аумақтарына тепе-тең негізде келу және болу тәртібін оңайлату, сондай-ақ бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекеттің аумағында болу мерзімін белгілеу, жарамды жол жүру құжаттарын айқындау мақсатында әзірленген.

Құжат аясында екі ел азаматтары үшін бірдей негізде тиісті мерзім бекітілді. Атап айтқанда, біріншіден, екі ел азаматтары үшін бірдей негізде 90 тәулікке дейінгі мерзімге екінші тарап мемлекетінің аумағына келуге, одан кетуге, транзитпен өтуге, жүріп-тұруға және болуға құқығы бар. Бірақ олардың есепке тұрмай болу мерзімі алты ай (180 күн) ішінде 90 тәуліктен аспауы тиіс. Екіншіден, бір тарап мемлекетінің азаматтары келу мемлекетінің құзыретті органдарында күнтізбелік 30 күн ішінде тіркелуден босатылады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар осы мемлекеттің құзыретті органдарында тіркелуге міндетті. Үшіншіден, келісіммен шетелге жол жүруге арналған жарамды жол жүру құжаттар тізбесі айқындалған. Ондай құжаттар ретінде Қазақстан азаматтары үшін жеке куәлік, ал Армения азаматтары үшін сәйкестендіру картасы және басқа да құжаттар белгіленеді.

Жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселелер талқыланып болғаннан кейін сенаторлар Үкімет мүшелеріне 6 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, сенатор Бекбол Орынбасаров өзінің депутаттық сауалында «Ата жолы» картасын жүзеге асыру барысында анықталған кемшіліктерді атады. Оның сөзіне қарағанда, қандастар іс жүзінде ұлттық тиесілігін растаудың шамадан тыс рәсімдерінен өтуге, құжаттардың көптеген аудармаларын ұсынуға мәжбүр, ал өңірлерде уәкілетті органдардың қызметкерлері мұндай картаны ұсыну ережелері туралы мүлдем хабарсыз. Сенатор мысал ретінде Швейцарияда жұмыс істейтін этникалық қазақ, дәрігер-оқытушы Серік Тұрсынның жағдайын келтірді. Кәсіби деңгейі жоғары және отандық медицинаны дамытуға үлес қосуға дайын болғанына қарамастан, ол бюрократиялық кедергілерге және мекемелердің атүсті пиғылына тап болды. Ол сонымен қатар өз қаражатын инвестиция ретінде салуға және заманауи жабдықтар әкелуге дайын болған.

Ал Нурия Ниязова ойын алаңдарында аттракциондар мен жабдықтарды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, осы саладағы олқылықтарды жоюға арналған нақты шараларды алға тартса, Дархан Қыдырәлі ұлттық мұра, тарих, мәдениет және өнерді сақтап, ілгерілету, сондай-ақ, музыкалық аспаптар жасайтын шеберлерді институционалдық қолдау жөнінде маңызды ұсыныстар айтты.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT