АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім болды.
Заң ұлттық заңнаманы жетілдіруге, оның ішінде мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейтуге, оның мәртебесін нығайтуға, бала құқықтарын қорғауға және білім беру жүйесін дамытуға бағытталған.
Мәселен, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік институтын реттеу үшін заңнамаға «тәлімгерлік жөніндегі ұйым» ұғымы енгізілетін болды. Тәлімгер болуға үміткер адамдар міндетті түрде тәлімгерлік бойынша оқудан өтуі тиіс болады, сондай-ақ тәлімгерлік жөніндегі оқуды ұйымдастыратын ұйымдардың құқықтары мен міндеттері айқындалады.
Ұлттық сөздік қоры мен Қазақ тілінің ұлттық корпусын құру туралы ережелер енгізіледі, олар мәтіндер мен сөздік қорына қол жеткізуді, сондай-ақ жасанды интеллекті пайдалана отырып, тіл үлгісін қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Дарынды оқушыларды мемлекеттік қолдау және олардың ғылыми жұмысын ынталандыру мақсатында халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мемлекеттік білім беру гранттарын конкурстан тыс беру жөніндегі ереже болатын болды.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Осыған дейін Мемлекет басшысының ақпаратқа қол жеткізуге қатысты заңға қол қойғаны туралы хабарладық.