Қазақстан академиялық хаб құрып жатыр - Президент

KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Conneсted-2024» халықаралық конференциясына қатысушыларға жолдаған құттықтауында білім, инновация саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. 

Білім-ғылым мен инновация, цифрландыру және экология мәселелерін талқылауға арналған іс-шарада Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Президенттің конференция қатысушыларына жолдаған құттықтауын оқыды.

«Қазір әлемде жаңа технологиялар мен жасанды интелектінің қарқынды дамуына, ауа райының және қуат көздерінің өзгеруіне байланысты ауқымды сын-қатерлер пайда болуда. Осы ретте мемлекеттердің жан-жақты және тұрақты өркендеуі үшін білім және ғылым мен инновация салаларындағы ынтымақтастықты ұлғайтудың маңызы зор. Сол себепті Қазақстан шетелдің беделді жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып академиялық хаб құру жолында белсенді жұмыс жүргізіп келеді», - дейді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған қадамдар Қазақстанның ғылыми-инновациялық әлеуетін арттырудың берік негізін қалыптастырып жатқанын атап өтті.

«Conneсted-2024 конференциясы осы мақсатқа жетуге септігін тигізеді. Бүгінгі басқосу ғалымдар мен сарапшылардың халықаралық байланысын бекемдеуге, білім беру және адам капиталын дамыту саласына тың тәсілдер ашуға жол ашады деп сенемін», - делінген құттықтауда.

Айта кету керек, биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық іс-шараға әлемнің 60 елінен 300-ге жуық халықаралық деңгейдегі сарапшылар шақырылған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521