Батыс аймақтағы электр желісі Бірыңғай электрэнергетикалық жүйемен бірігуі керек – Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM – Газ саласын дамыту елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізгі факторына айналып келеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

− Үкімет 2027 жылы Батыс аймақтағы электр желісін еліміздің Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесімен біріктіруі керек. Сондай-ақ Оңтүстік аймақтағы электр желілерін күшейту жобасын жеделдеткен жөн. Оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығын жою үшін «жасыл» энергетика саласында ірі жобалар мен бу-газ қондырғылары іске қосылды. Сондықтан 2026 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырына қарасты екінші тармақтың алғашқы кезеңін аяқтауымыз керек, − деді Мемлекет басшысы.

Жалпы газ саласын дамыту елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізгі факторына айналып келеді. Былтыр 9 өңірдегі 107 елді мекенге газ жеткізіліп, 300 мың халықтың тұрмысы жеңілдеген.

− «Шеврон» корпорациясымен бірге жаңа газ кеніштерін игеру жұмыстары басталып, Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесін геологиялық барлау жөнінде ынтымақтастық орнады. Алайда Жаңаөзен мен Қашағандағы газ өңдеу зауыттарының, сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы базасында жұмыс істейтін электр стансасының құрылысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ. Аталған жобалар межелі мерзімде аяқталуға тиіс, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы ауылдық аймақтарды дамытуға арналған қолдауды бір бағдарламаға біріктіру керектігі туралы айтқан еді. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT