Қадағалаушы аптасына бір келеді. Одан құрылыс қайтіп оңады?

Индерборда жүргізіліп жатқан кәріз жүйесі құрылысына байланысты тұрғындар тарапынан сын көбейіп кетті.

Осыған орай аудандық «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі мен депутаттық фракцияның біріккен отырысы өтіп, аталмыш мәселе талқыға салынды.   

Алдымен Индербор кенті әкімі Р.Тұрабаев мердігер «Диар и К» ЖШС-нің  кәріз желілері мен кәріз айдау станциялары құрылысының  жұмыстары жөнінде баян етті.

­- Жүргізіліп жатқан жұмыстарға кент тұрғындары атынан әр түрлі уәждер айтылуда. Жер қазу жұмыстарынан кейін орнықты тегістелмегендіктен автомобиль жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қиыншылықтар туғызып отыр. Бүгінде кенттің орталық,  яғни  Бейбарыс, Қонаев, Тайсойған, Майдыров көшесінде орналасқан көп қатарлы тұрғын үйлер аралығы бойынша, асфальт жабындысы жоқ қазылған жерлерге, уақытылы су шашу жұмыстары жүргізілмегендіктен борпылдақ топырағы ұшып, тұрғындарға қолайсыз жағдай туындап отыр. Қонаев 17, 19,  21, 22 көпқатарлы үйлер алдынан қазылған  жерлерден қайта көму кезінде жаяу жүргіншілерге төселген бетон плиталары кейін төселмей, жүруге мүмкіндік бермеуде. Тіпті кейбіреулері тұрғындардың айтуынша жоғалып кетіп жатыр. Орталық Шыршалы, Қазиев, Шамин көшелері аудандық ІІБ-не барар жолдағы көптеген көшелерінде кесілген асфальт жабындылары әр жерде жиналып, қазылған орнындағы топырағы отырып, жүргізушілер мен тұрғындарға үйлеріне кіріп-шығуына кедергі келтіріп жатыр. "Барлаушы" мөлтек ауданында орналасқан «Диар и К» ЖШС-інің құрылыс базасына барар жол бойында үлкен жүк машиналарынан шаң көтерілуінен «терезелерімізді аша алмаймыз, қылтимадағы (балкон) жайылған киімдеріміз бүлінуде» - деген сол маңда орналасқан көп қабатты үйлер тұрғындарының телефон арқылы наразылықтары да аз емес,­ - деді кент әкімі. Айта берсе Құрылыс нормалары және ережелері (ҚНжЕ)   бойынша  қалпына келтіру мақсатындағы жұмыстар  ұйымдастырылмаған. Ал кент әкімі аппараты тарапынан аталған мәселені қолға алу туралы «Диар и К» ЖШС-іне бірнеше рет хат жіберілгенімен еш нәтиже шығармапты.  

Осыған орай Р.Тұрабаев: ­-Қазылған жерді қалпына келтіру, асфальт жоқ көшелерге су шашу, т.с.с  жұмыстарын түпкілікті атқару мақсатында,  «Диар и К» ЖШС-нің жұмысын уақытша тоқтатуды сұраймын, - деді кеңес отырысында. 

Сонымен қатар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басшысының міндетін атқарушы А.Иғалиев Атырау облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан жалпы сомасы 2 059 639 609 теңгені құрайтын кәріз желілері және кәріз сорғы станциясының құрылысы биыл желтоқсанда тапсырылуы қажеттігін, бүгінде 80 пайыз жұмыс көлемі бітіп тұрғанын айтты. Ал «Индер су» КМК директоры А.Құсайынов жұмыс барысында кемшіліктер көптігін, кеше қолданыстағы кәріз жүйесін үзіп алған, бірақ, хабар бермегенін, лас су көшеге жайылып, тұрғындар наразылығын туғызуда екендігін, осындай олқылықтарға байланысты айыппұл салынғанмен аяқсыз қалғанын бүкпесіз жеткізді.

Ал аталмыш серіктестіктің құрылыс басына жауапты учаске бастығы Сергей Кучинский айтылған сын-пікірлерді қабылдайтынын, жұмыс болғасын кемшілік болмай тұрмайтынын, тапсырысшымен арада арнайы кепілдік барын қаперге берді.

Аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ө.Оразғалиев кәріз жүйесі құдықтарының қақпағы ұрланып жатқанын, құрылыс басынан жауапты адамды табу қиындығын, осының бәрін қадағалау аудандық тұрғын үй-жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары және құрылыс бөлімдерінің негізгі міндеті болғанмен жағдай сын көтермейтінін ашына айтты.  Осы жерде техникалық қадағалаушы қайда қарап отыр деген заңды сұрақ көтеріліп еді С.Кучинский оның аптасына бір келетінін айтты. Ал ол күн сайын сол жерде болуы керек екен. Осыдан кейін әңгімені әрі қозғаудың өзі артық секілді. Бұл орайда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Нұриев та көше шаң, неге су шашылмайтындығын, екіншіден, жұмыс жүріп жатқанда тұрғындарда оған қарамастан кедергі жасап жататындығын сөз етті.

Осындай қызу талқыға түскен фракция отырысын аудан басшысы, аудандық партия төрағасы С.Арыстан қорытындылады. – Бұл күрделі құрылыс. Олқылықтар да орын алып жатыр. Бірақ, қайткенде де негізгі жүйе өз мерзімінде сапалы аяқталуы тиіс,– дей келе кемшіліктерді тезіне салу жөнінде жауапты адамдарға арнайы тапсырма берді. Депутаттардың да бұл істі жіті бақылауға алуларын назарға салды. Сондай-ақ енді бұл жүйеге қарапайым тұрғындардың қалай қосыларын, осы жағын ойластыруды қаперледі. 

Ж.ИСЛАМҒАЛИЕВ.

 

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика