Атырау-Индер автокөлік жолы пайдалануға берілгеннен бері Жайықтың Бұқар бетіндегі аймақтың шырайы кіріп, тұрмыс-тірлікке жан бітті.
Самар беттегі жолдың бүлінген жері көбейгендіктен, жүргізушілердің көбі көпірден өтіп, осы Индер жолымен сапарлатқанды жөн санайды. Сайып келгенде, Атырау-Индер жолының ресми атауы облыстық дәрежеде болғанымен халықаралық жолдың міндетін атқарып отырғаны сөзсіз. Индербор кентінің іші де көлік транзитіне айналып болды...
Бұл ретте халықаралық жүк көліктері тиісті талаптарды бұлжытпай орындайды десек, бәрінен де Индерден қиыршық тас таситын ауыр жүк көліктері мазалап отыр. Олар небір ауыр жүк көліктеріне қиыршық тасты шыңаршағы үзілгенше тиеп, тақтайдай тегіс жолды бүлдіре бастағанын бұған дейін де жазғанбыз. Осы күрмеулі мәселеге облыс әкімі Н.Ноғаевтың өзі араласып, облыстың қыруар қаржысына салынған жолды ұқыпты пайдалануды тапсырған да еді. Алайда ел игілігіне айналған жолды емес, жеке қалтасының қалыңдағанын ойлайтындар бұл тапсырмаға құлақ асатын емес. Оны біз «Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымының төрағасының орынбасары Ө.Оразғалиев, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысы Ә.Қонысовпен бірге рейдке шығып аралап көргенде куә болдық.
Индердің тау кеніші жолынан он шақты Қытайдың «Shacman» ауыр жүк көліктерінің тізбегі түс мезгілінде кенттің ішіне кіріп келгенде АІІБ –іне қарасты жол сақшылары тоқтатты. Кәдуілгі жүк көліктерінен екі есе, яғни 35 тоннаға дейін жүк тией алатын Қытай көліктеріне қандайма жолдың өзі шыдас бере қоюы қиын. Сол арадан облыс орталығынан көлік бақылау инспекциясы шақыртылды. Осы аралықта көзді ала беріп бірнеше жүк көлігі қашты. Жол сақшыларымен бірге көпірден аса бере оларды қайта тоқтатуға тура келді. Оның бірі қиыршық тасқа толы жүгін көпірдің маңына көзімізше аудара салды. Бірақ пысық жүргізушіге жергілікті полиция қызметі тиісті әкімшілік шарасын алды. Көп кешікпей аталған инспекция өкілдері келіп көліктердің салмағын өлшеуді бастап кетті.
-Жүк көліктерінің салмағын өлшеу түнгі 2.00-ге дейін жалғасты. Нәтижесінде, «АИС» кәсіпорнына тиесілі 26 «Shacman» және жеке иеліктегі 4 «КамАЗ» автокөліктерінен бірнеше есе артық тиелген жүгі анықталып, инспекция қызметі тарапынан тиісті шарасы алынды, - деді «Нұр Отан» партиясының аудандық ұйымының төрағасының бірінші орынбасары Ө.Оразғалиев.
Осы мәселеге орай Атыраудан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаев та келген болатын.
- Облыстық дәрежедегі жолға оське 8 тоннадан аспайтын жүк тасымалдауға рұқсат беріліп отыр. Бірақ пайданы ойлаған кәсіпорындар жүкті мөлшерінен артық тиеп, халық игілігіне пайдаланып отыр-ған жолды бүлдіруде. Облыстан көлік инспекциясына керекті жабдықтарымен 2 «Hyundai» маркалы шетелдік көлік алынып берілген болатын. Олардың қадағалайтын маршрутының тізіміне осы Атырау-Индер жолын кіргізіп отырмыз. Енді осы инспекцияның тиісті дәрежеде бақылау жүргізуі аса маңызды, -деді ол біздің сауалымызға орай.
Алайда жүк өлшеу сәтін байқаған басқа да көптеген жүк көліктері Индербор кентіне жетпей бұрынғы Индер тау кенішінің жолында алыстан аңдысын аңдып тұрды. Кезінде алып «БелАЗ»-дарға шыдас берген жолдың әбден «құйқасы» шығыпты. Рейд мүшелерімен бірге барғанымызда қиыршық тасты асыра тиеп алған көліктер жолдан шығып, әр жерде жиналып тұр. Есігін кілттеп алған, ешкім шықпайды. Ғайыптан тайып бір жүргізуші сыртқа шығып кетіпті, ол – Артықбай деген Өзбекстан азаматы, қарақалпақ жігіті екен. «Демалып алайын деп жолдан шығып алып тоқтасам, бәрі де менің қасыма жиналып қалыпты ғой» деп келіспейтін «ертегіні» соғып тұр. АІІБ Жергілікті полиция қызметінің басшысы Руслан Мұратов жол сыртында тұрған мұндай көлік иелеріне ешқандай шара қолдана алмайтындығын жеткізді. Бірақ мемлекеттік нөмірлерін жазып алып, алда қадағалау болатындығын қаперге берді.
Жалпы қиыршық тас тасыған жүк көліктері далалық жолдарды да бүлдіріп жатқан көрінеді. Әсіресе, каръерлерден шыққан көліктердің бірсыпырасы аудан орталығына соқпай-ақ қырмен жүріп Жарсуат ауылы жағынан шығатынын, сөйтіп жайылым жерлерін қуаңшылыққа айналдырып жатқаны ауыл тұрғындарының наразылықтарын туындатып отыр.
-Атырау-Индер жолын тиісті деңгейінде сақтап қалуда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, экологиялық департамент сынды басқа да құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс істеуді қажет етеді.
Көлік инспекциясының арнайы жабдықталған көлігі де аудан аймағында жіті қадағалауы керек. Бұл бағытта жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз, - дейді «Нұр Отан» партиясының аудандық ұйымының төрағасының бірінші орынбасары Ө.Оразғалиев.
С.БАЗАРБАЕВ.
Суреттер автордікі.